Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының және облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен Қазалыда «Қызылорда облысының тұрғындары арасында дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында кездесу өткізілді.

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің мәдениет үйінде болған жиынға облыстық «Сыр дидары» газетінің редакторы, дәстүртанушы, облыстық АТТ мүшесі Сәкен Алдашбаев қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 
Дінтанушы жалпы еліміз көп ұлттың отаны бола білген зайырлы мемлекет болғандықтан діни ахуал басты назарда екендігін және діни сауаттылығын арттыру аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып, дәстүрлі емес діни ағымдарды болдырмау мақсатында нақты шаралар атқаруымыз қажеттігін жеткізді. 

Сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалық жұмыстардың тиімді тәсілдерін пайдалана отырып, жан-жақты насихаттық жұмыстарын жүргізуіміз керектігін тілге тиек етіп, бұл жолда барлығы бірлесіп әрекет етуі тиіс екендігіне де тоқталып өтті.

«Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.
Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымындағыларды салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейімделгіш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап салуға болады.
Мұндай жағдайда, жүрексіну, тіпті өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі ол өзін шексіз күшті сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, бейімделгіш жандар аңғал, сенгіш келеді. Оларды алдап-арбау, қандай да бір теріс мақсаттарға қолдану дәстүрлі емес діни ұйым көсемдері үшін аса қиын шаруа емес», – деп сөзін толықтырды маман.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстаудан ұтылмасымыз анық.

Тағы да оқыңыз: