Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын елімізде этностық топтардың мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылық танытқан жастары мен өскелең ұрпағын ынталандыру арқылы қазақстандық бірегейлікті дамытуға жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылуда.
Қазалыда аталмыш жоба аясында аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты интеллектуалды сайыс өтті. Аудандық Жастар ресурстық орталығында өткен сайыста №249, №266 және №16 мектептің 9-11 сынып оқушыларынан құралған 3 топ 4 кезең бойынша бақ сынады. Сайысты аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскер маманы Жанар Қайназарова сөз сөйлеп ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің «Шаңырақ» тобы, екінші орынды №266 мектеп-лицейдің «Тұғырлы тіл» тобы және үшінші орынды М.Горкий атындағы №16 мектеп-лицейдің «Өткір тіл» тобы иеленді.
Шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шакизада Асқарова жеңімпаз оқушыларды марапаттап, арнайы сый-сияпаттарды табыстады.