Kyzylorda-news.kz. Кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның пайымы мен парасатын айқындайды. Өткен сенбіде аудандық орталық кітапхананың жас оқырмандарының кітаптан алған білігі мен білімін анықтайтын «Үздік оқырман – 2023» байқауы өтті. Орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен өткен сайысты Қазалы аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Жеңісбек Айымқұлов ашып, талапкерлерге сәттілік тіледі.

«Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші – білім, ал білімнің кәусарыбұлағы кітап екені бәрімізге мәлім. Өркениеттің көшінен қалмау үшін біз білім саласын арттыруымыз керек. Сондықтан жастардың бойына рухани байлықты сіңіріп, оларды кітаппен жақындастырудың маңызы зор. Балалардың дүниетанымы мен көкжиегін кеңейтуде ұйымдастырылып жатқан «Үздік оқырман» байқауы оқуға құштар жастардың білімі мен білігін айқындайды деп сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді Жеңісбек Советұлы.

Жарысқа жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары қатысты. Қатысушылар байқау шартына сәйкес, үш кезең бойынша бақ сынады. «Кітап білім– бұлағы» деп аталатын алғашқы кезеңде талапкерлер оқыған кітаптарын таныстырып, өздеріне ұнаған кітабы бойынша шығарманың қысқаша желісін баяндады. «Поэзия көктемі» кезеңінде ақын-жазушылардың шығармашылығынан өлең жатқа оқыды. Ал соңғы «Кім тапқыр?» бөлімінінде жасырылған сұрақтарға жауап берді.

Тартысқа толы додаға«Қызылорда облысының тілдерді оқыту» орталығы КММ Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы Жұбатқан Таңжанов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Қарлығаш Рахманбергенова, №91 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Оразалы Айнұр, Аудандық оқушылар Үйінің «Сөз өнері» үйірмесінің жетекшісі Шынар Сариева, №182 орта мектептің кітапханашысы Закира Қоңырбаева төрелік етті.

Байқау қорытындысы бойынша 13 талапкердің ішінен оқ бойы оза шауып бас жүлдені М.Матаев атындағы № 170 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Нұрсая Хасенова иемденді. І орынды №266 мектеп-лицейдің 10 сынып оқшысы Айнұр Дүйсенбаева алса, ал І орынды Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Азат Қыстаубай қанжығаады. ІІІ орын Ж.Жабаев атындағы №234 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Құндызай Әлмұратоваға бұйырды. Ал өзге қатысушылар бірқатар номинацияларға ие болды. Атап айтсақ, «Дарынды оқырман» номинациясымен С.Сейфуллин атындағы №165 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аружан Жаңалықова, Жанқожа батыр атындағы №70 қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушысы Аяжан Өмірзақ марапатталды. «Білімді оқырман» номинациясына Қ.Сәтбаев атындағы №216 қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушысы Фариза Панабек, Б.Мергенбаев атындағы № 226 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Көркем Қожаберген, сондай-ақ М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Аяла Жүсіпбек ие болды. «Үлгілі оқырман» номинациясымен Ы.Алтынсарин атындағы №204 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Жаннұр Абдуллақызы, «Сөз шебері» номинациясымен Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушысы Аружан Бекмырза, «Белсенді оқырман» номинациясына Қ.Нұрмаханов атындағы № 95 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аружан Мұрат, №276 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ерасыл Жеткерген лайық деп танылды.

Сайыс сағатының соңында аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев сынға түскен барлық қатысушыларды марапаттап, жеңімпаздарды құттықтады.

«Хакім Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа» деген еді. Расымен кітап оқу – таным көкжиегімізді кеңейтіп, тұлғалық жағынан дамуымызға тікелей әсер етуші құрал саналады. Сондықтан өскелең ұрпақты кітап оқуға үндеп, олардың ой-өрісін дамытып, руханиятты танып өсуіне осындай шаралар ықпал етуіміз керек. Байқау барысында дұрыс жолда келе жатқанымызды аңғардым. Жастардың кітап оқуға деген талпынысы, ізденісі анық байқалды. Бүгінгідей техникаға тәуелділік артқан қоғамда бізден кейінгі толқынның кітапқа деген құмарлығы ерекше қуантты. Алдағы уақытта осындай игі шаралар жалғасын тауып, кітапқа кұштар жастардың легі бұдан да көп болсын», – деп сөзін қорытындылады Есет Жұмабекұлы.

Тағы да оқыңыз: