Kyzylorda-news.kz. Әйтеке би кентінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті.

Әйтеке би кентіндегі Рәміздер алаңында ұйымдастырылған шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Күнтілес Назымбеков ашып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. 

«Баршаңызды 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі жарқырай түспек. Сондықтан да, бұл күн барша қазақстандықтар үшін патриоттық пен намыстың мерекесі!
Біздің Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түсінуінің, ел болашағына деген сенім мен сүйіспеншілік сезімдерінің өлшемі. Себебі, Ту, Елтаңба және Гимн өз мемлекеттілігін ғасырлар бойы аңсаған …азат ұлттың орындалған арманының белгісі. Түптеп келгенде Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады. Демек, әрбір азаматтың жүрегіне елжандылықты дарытуда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор, орны айрықша», – деді ол.

Мұнан соң Күнтілес Айдарбекұлы бірқатар сала қызметкерлерін ауданымыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысып, зор үлес қосқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. 

Мерекеге орай ауданымыздың өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндер шырқады. Сонымен қатар шара соңында авто және велошеру ұйымдастырылды.

Тағы да оқыңыз: