Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Д.Тлеумбетовтің тапсырмасына сәйкес, бүгін Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде «Қыз баланың сұлулығы тәрбиесі, таза болса ары мен жан дүниесі» тақырыбында семинар-тренинг болып өтті. 

Мақсаты – жасөспірім қыздар арасында кездесетін келеңсіз жағдайлардың алдын алу, қыз баланы инабаттылыққа, әдептілікке, мейірімділікке, сыпайылыққа тәрбиелеу бағытында ақыл-кеңестер беру. 

Қазалы ауданының білім бөлімімен бірлесе отырып ұйымдастырылған жиынға аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Асанова Роза Шорақызы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Тұяқбаева Гүлнар Салмырзақызы, №276 мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы, мәдениет саласының ардагері Ахметова Ұлжан, Қазалы ауданының полиция бөлімінің Ювеналды полиция тобының инспекторы Бегалиева Мархаббат Төлепбергенқызы, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының педагог-психологы Баянова Жұмакүл Тасболатқызы, Жастар денсаулығы бөлімінің дәрігері Алиева Әйгерім Берікқызы және кент орталығындағы лицейлер, гимназия және орта мектептердің 7-10 сыныптарында білім алып жатқан 500-ге жуық жасөспірім қыздар мен ата-аналар қатысты.

Аталмыш шараны №249 мектеп-лицейдің тәлімгері Байзақова Шолпан жүргізіп отырды. Семинар-тренингті аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Шорақызы сөз сөйлеп ашып, қазақ отбасындағы қыз баланың орны мен олардың тәрбиесі жөнінде айтып өтті. 
Басқосуға арнайы шақырылған мамандар жасөспірім қыз балалармен ұлттық тәрбие, салт-дәстүрімізді сақтау,  ерте жүктіліктің салдары, суицид, қыз балалардың репродуктивті денсаулығы, жеке бас гигиенасы, беймезгіл уақытта көшеде жүрмеу, зорлық-зомбылықтан сақтану, интернет желісін қолдануда әдепсіз көріністер мен белгісіз чаттардан аулақ болу жайында жан-жақты мағұлматтар берді.
Сондай-ақ, еркін форматта өткізілген семинар-тренингте «Қыз балаға қырық үйден тыйым» отбасыдан бастау алатыны кеңінен түсіндіріліп, бүгінгі қоғамдағы қыз балалар арасында кездесетін өзекті мәселелер сөз болды, көпшілік ой-пікірлер ортаға салынды. 
Тренинг барысында қыз бала тәрбиесіне қатысты «Қызға қырық үйден тыйым», «Тәрбие отбасынан басталады» тақырыптарында екі бейнеролик көрсетіліп, қатысушылармен бірге талқыланды. 

Семинар соңында шара қатысушылары «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнін бірге шырқады. Жасөспірім қыз балаларға арналған тағылымы мол шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан Қазалы ауданының білім бөлімінің әдіскері, психолог Надира Аманкелдіқызына және №249 мектеп-лицей басшылығына көпшілік алғысы білдірді.

Тағы да оқыңыз: