Kyzylorda-news.kz. Қазалыда күллі мұсылман қауымы асыға күткен мерекенің бірі - Құрбан айт мейрамы тойланды. 

Аудандық «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешітте ұйымдастырылған шарада 150 адамға арналған дастархан жайылып, киіз үйлер тігілді. 

Шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барып, қазалылықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. 

«Құрбан айт мерекесі - адамдардың бір-біріне өзара мейірімді, қайырымды болуын насихаттайтын, ізгілік пен имандылыққа үндейтін, ұлт пен ұлысты ұйыстырып, халықтарды жақындастыратын қасиетті мейрам. «Талап – пендеден, қолдау – Тәңірден» дейді дана халқымыз. Талапты азаматтарымыздың ізгі істері оңға басып, құлшылық еткен әрбір адамның ыстық-ықыласы Алладан қолдау тапсын. Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын», - деді аудан басшысы. 

Таң сәріден басталған мереке қарсаңында тұрғындар арасында ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Нақтыласақ, гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, ләңгі тебу және асық ату бойынша тартысқа түсті. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов құттықтап, арнайы сыйлықтармен марапаттады. 
Айта кетейік, мереке аясында бүлдіршіндер  тегін тәттілерден дәм татып, қуанышқа кенелді.

Тағы да оқыңыз: