Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Ұлы отан соғысында қанды қырғын бел ортасында болған майдангерлер қатары сиреп барады. Қазіргідей бейбіт те тыныш заманды сыйлаған батырларды құрметтеу кезек күттірмейтін үрдіске айналуы қажет. Сондықтан оларға тек Жеңіс күні қарсаңында ғана көңіл бөлмей, кез келген уақытта елеп-ескерген жөн. Осы ретте көктемнің алғашқы күні һәм Алғыс айту мерекесінде үлкенін ардақтай білген Жастар ресурстық орталығы мен бірқатар ерікті жан Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергеновтің хал-жағдайын сұрап, сәлем беріп қайтты.
Жылы шыраймен қарсы алған ақсақалға белсенді жастар сый-құрмет көрсетіп, ел үшін еткен ерлігі мен әрбір қазақстандықтың бүгінгідей бейбіт күнді кешуіне бірден-бір үлес қосқанына алғаусыз алғыстарын жеткізді. Қарт жауынгер қоғамда игі іспен айналысып жүрген жас буынға ыстық ықыласқа толы тілегін айтып, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Тілеуберген ақсақал Қазалының топырағынан түлеп ұшып, жеңісті Берлинде қарсы алған. Танк тізгіндеген ол Польша, Чехословакия, Беларусьті басқыншылардан азат еткен. Мұнан соң жастар көмек қолын созбақ мақсатта көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларды аралап, қайырымдылық жасады. Қоғамдағы мейірімді, ізгі жандар да осы ерікті жастар сияқты жақсылық жасауда жарысып, асықса ізгі амалдары жауапсыз қалмас еді.
