Kyzylorda-news.kz.  Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының аптасы жалғасын табуда. Бұған дейінгі уақыт аралығында акция «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» экологиялық апталарға бөлінген болатын. Әр апталық барысында аудан тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме қызметкерлері бекітіліп берілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандырып, көшет отырғызып, ағаштардың түптерін ақтады.

Ал, «Мөлдір бұлақ» апталығы – өзен, көлдер маңына тазалық жұмыстарын жүргізіп, жағажайларды қоқыстан тазартуға бағытталған. Аталған апталық аясында өткен сенбіде аудан аумағында жаппай сенбілік ұйымдастырылды.

Экологиялық іс-шара барысында Әйтеке би кентінің орталық көшелері мен шет аймақтары, өндірістік аймақтар, қазақ-орыс қорымдарының аумағы, «Водокачка» елді мекеніне апарар жол, сондай-ақ, аудан аумағындағы каналдар мен өзендердің, бұлақтардың, аяқсу арықтарының айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Акцияға мекеме, кәсіпорын қызметкерлерімен қатар, ерікті жастар, сондай-ақ аудан тұрғындары да, белсене атсалысып, туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

Әйтеке би кентінің тұрғыны Жалғас Нағи «Таза Қазақстан» акциясын дұрыс бастама деп есептейтінін жеткізді.

– Бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан эко-челлендж қозғалысына қатыспай қалуды жөн көрмедім. Сондықтан, аула тұрғындарымен бірге Әйтеке би кентінің тазалығы үшін сенбілікке шықтым. Көше бойындағы аяқсу арықтарын қоқыстан тазарттық. Бұл жұмыстардың барлығы өзіміз үшін, тазалығымыз үшін. Барлық жерлестерімді, әсіресе, жастарды осындай ауқымды экологиялық іс-шараларға үнемі қатысуға шақырамын. Алдағы уақытта акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін, – дейді ол.

Аудан аумағындағы арық жүйелерін тазартып, өзен суларының арнасын ашуға бағытталған сенбілікке аудан бойынша жалпы – 136 мекеме, 2266 адам, 33 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, 29,7 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылды.

Айта кетейік, ауданнан тысқары жатқан ауыл-аймақтар, әрбір округтер де, өз аумағындағы каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланып, ретке келтірілді.

*

Еліміздің ертеңі мен болашағы балаларымыз үшін әжелер – таптырмас байлық, құнды ғибрат. Олардың аялы алақаны, мейірбан жүрегі, немереге деген ерекше махаббаты бала бойына күш-қуат, сенімділік береді. Жамандық атаулыдан қорғайтын, бейне бір ақылдың кеніші саналатын әжелердің қашан да, ұрпақ тәрбиесінде ойып алардай орны бар десек артық айтқандық емес. Жуырда ұрпақтар сабақтастық идеясын ілгерілетіп, үш ұрпақты насихаттау мақсатында Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Әже – көңілдің ажары, немере өмірдің базары» атты аудандық әже мен немере арасында өнер фестивалі өтті.

Аналар күні қарсаңында өткен шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев сөз сөйлеп, фестивальдің маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі фестиваль күндегі өтіп жатқан шаралардан өзгеше десем артық айтқаным емес. Өйткені бұл – мәнді де маңызды, тәрбиелік орны бар игі шара. Әженің тәлім-тәрбиесін кейінгі ұрпаққа үлгі етуді күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Бүгінгі шара әдемі, әсерлі өтеді деп бек сенемін, барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деп қорытындылады сөзін Болат Әбенұлы .

Үш кезеңнен тұратын шараға 4 ауылдық округтен асыл әжелер мен немерелер қатысып, байқау шарттарына сәйкес өнер көрсетті. Тәлім мен тағылымға толы фестивальда қатысушылар тек ән мен жырдан ғана емес, өздерінің қол өнерлерімен де бірінен-бірі асып түсті.

Алғашқы кезеңде әжесі немересіне өсиет айтса, келесі кезеңде немерелер жаңылтпашты жаңылмай айтудан жарысты. Ақырғы кезеңде әже мен немере бірге дайындап келген өнерін ортаға салды. Фестиваль қорытындысы бойынша Ақтан батырлық Бекзат Жұбаназардың әжесі Ұлмекен Сансызбай «Ғибратты әже» бағамымен, абайлық Моншақ Досберген мен Аяжан Әнес «Өнерлі жанұя», Қ.Пірімов ауылынан Жансая Тастайбектің әжесі Гүлзат Көптенова «Өнегелі әже» бағамымен, ал Жалаңтөс ауылынан қатысқан Шұғыла Абашованың немересі Айзере Шайхслам «Қылықты немере» бағамымен марапатталып, бағалы сыйлықтарды иемденді.

*

Биылдан бастап, еліміз бойынша мамыр айының екінші жексенбісі – Аналар күні мерекесі болып белгіленіп, ресми мереке ретінде бекітілді. Осыған орай, Р.Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығында Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетовтің төрағалығымен «Ана – өмір шуағы» атты кездесу кеші өтті.

Мерекелік басқосуға Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының және барлық ауылдық округтердің әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты. Жиында алдымен, Дәурен Оңғарбайұлы елімізде алғаш рет аталып өтіліп жатқан мерекенің маңызына тоқталды, сондай-ақ, әйелдер кеңесінің төрайымдары арқылы барша аяулы жандарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Сонымен қатар, барша аналар қауымына Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің ыстық ықыласын жеткізіп, мерекелік құттықтауын табыстады.

Отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана иститутын нығайту мақсатында өтіп жатқан кездесу кешінде Бекарыстан би ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Құралай Бекжанова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Шакизада Асқарова және де басқа да, ауылдық округтердің әйелдер кеңесінің төрайымдары мерекеге орай лебіздерін жеткізді. Мерекелік кеште аудан өнерпаздары аяулы жандарға арнап, әсем әннен шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Тағы да оқыңыз: