Kyzylorda-news.kz. Жақында Қазалы ауданында кәсіпкер әйелдердің бизнес-форумы ұйымдастырылды. Оған аудан бойынша кәсіппен айналысатын 80 бизнес-ханым қатысты. 

Жоғары деңгейде өткізілген форум жұмысы қыз-келіншектерден құралған бизнес өкілдері ұсынған өнімдер көрмесінен басталды. Көрмеге қолөнер бұйымдары, ұлттық аспаптар мен әшекейлер қойылған. 

Қазір Қазалы ауданында шағын бизнес субъектілерінің 50 процентке жуығын әйелдер құрайды. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев форумға қатысушыларды мерекемен құттықтап, саланы дамытуда кәсіпкер әйелдердің үлесі орасан екенін тілге тиек етті. 

Сондай-ақ, форумда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі Ботагөз Бектібаева, «Банк Центр Кредит» АҚ Қазалы ауданындағы бөлімше директоры Абылайхан Бәймішев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова хабарлама жасап, саланың өзекті мәселелері мен жетістіктері талқыланды. Форум аясында қатысушылар өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерін баяндады. «Қазалы кәмпиті» брендін қалыптастырушы, кәсіпкерлік саласының үздігі Фатима Қазбергенова, «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығының және «Ханшайым» жеке балабақшасының меңгерушісі Шынаркүл Жеңсікбаева бизнес бастаудың жолында кездесетін түрлі кедергілер туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті. 

Кәсіпкерлік басқосу соңында ауданда кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан бірқатар іскер қыз-келіншектер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, форум қатысушыларына «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығының тәрбиеленушілері дайындаған қолөнер бұйымдары тарту етілді.

Тағы да оқыңыз: