Kyzylorda-news.kz 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Қазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес жастар апталығы ұйымдастырылуда.
Апталық аясында жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамдық өмірге белсенді тартуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Бүгін апталықтың жұмыс жоспарына сәйкес аудан жастары арасында кіші футболдан аудандық турнир ұйымдастырылды.
Әйтеке би кентіндегі Мәдени-демалыс кешеніндегі спорт кешенінде өткен «Jastar Cup – 2026» спорт фестивалінің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиев қатысып, аудан жастарын алда келе жатқан Халықаралық жастар күнімен құттықтады.
Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары жастардың елдің дамуы мен қоғамның қозғаушы күші екенін атап өтіп, оларды жастар апталығы аясында өткізілетін барлық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, тартысты да әділ дода болуына тілектестік білдірді.
Халықаралық жастар күніне арналған апталықтың басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін нығайту, кітап оқу мен білімге деген қызығушылығын арттыру, цифрлық сауаттылығын дамыту, еріктілік қызметті қолдау және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуына ықпал ету.
Айта кетейік, жастар апталығы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру шараларынан бастау алып, алдағы күндері де түрлі форматтағы мазмұнды іс-шаралармен жалғасады.
