Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданы әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылындағы салынып жатқан спорт кешендерінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді.
Алдымен аудан басшысы аудан орталығындағы Қазалы мәдени-демалыс кешені аумағында бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты. Жалпы құны 643 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысын «Болашақ» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Қазіргі таңда нысанда ішкі сылақ жұмыстарын жүргізу, кафель жапсыру, жылу батареяларын орнату және сыртқы абаттандыру жұмыстары атқарылуда.

Мұнан соң аудан әкімі Қожабақы ауылындағы спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Жоба құны 537,1 млн теңгені құрайтын нысан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу, сырлау және сәндеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілер толық тартылып, нысанды пайдалануға беру бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда. Құрылыс жұмыстарын «Намыс-Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда.

Аудан басшысы аралау барысында спорт кешендерінің құрылыс сапасына ерекше мән беріп, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ мердігер мекемелерге барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтап, нысандарды маусым айының алғашқы онкүндігіне дейін толық дайын күйде тапсыру қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар жауапты сала басшылары мен аудан әкімінің орынбасарына құрылыс барысын күнделікті бақылауда ұстап, спорт нысандарын ауыл тұрғындарының игілігіне сапалы түрде пайдалануға беру бас міндет екенін жеткізді.
