Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атындағы мәдениет үйінде ауданға қарасты Сарбұлақ ауылындағы №78 мектептің оқушылары халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» қойылымын сахналады. Қазалылық көрермендермен бірге театрландырылған тарихи сахналық көріністі тамашалауға Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев та келді.
Қазақ жылнамасын ақтарып, қатталған тарих беттерін ақтарсақ, аты аңызға айналған абыз аналарымыз баршылық. Осылардың қатарындағы қасиетімен ерек тұратын «Домалақ ана» туралы оқиға – тарихи шындығымен дараланатын шығарманың бірі. Киелі сахна төрінде орындалған көріністе мейірімге толы ана махаббатының қуаты өте ауқымды әрі шынайы бейнеленді. Көрерменге береке-бірлік, тектілік пен имандылықты ұстану қажеттігі жайлы ой сіңірді. Ұшы-қиырына көз жетпейтін ұлан-ғайыр дала. Қос мергеннің аңшылығы. Суы сарқылған құдықтан Бәйдібек бидің Нұриланы өрме арқанмен шығарып алуы. Осыншама ауқымды оқиғаны шағын дерлік сахнаға сыйғызған оқушылардың шеберлігіне жиналған жұрт тамсана, шын ықыласымен қол шапалақтап, алғысын білдірді. Қойылымнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сахнада жан-дүниесімен беріліп ойнаған оқушылардың актерлік шеберліктеріне риза болғандығын жеткізді. Шалғайдағы ауылдан осындай өнерлі өрендердің шығып келе жатқаны қуантатынын айтты. Аудан тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлаған сарбұлақтық өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Сондай-ақ Сарбұлақ ауылдық №78 мектеп ұжымына арнайы алғыс хатты білім ошағының директоры, қойылым режиссері Гүлдәурен Рахатдинге табыстады.
«Театр – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар орда» деп ұлы жазушылар айтып кеткен. Сондықтан театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ, идеологиялық құрал. Бүгін бір жан-дүнием рахатқа бөленіп, ерекше рухани азық алдым. Мектеп директоры мен мұғалімдері және мектеп оқушыларының осындай керемет қойылымды жоғары дәрежеде сахналап шығуы үлкен жетістік деп есептеймін. Жас өнерпаздардың қиялдарына қанат бітіп, бұдан биіктерге самғасын. Дарынды оқушыларды үлкен сахналардан көруге жазсын», – дейді кент тұрғыны Айдана Алдабергенова.
