Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясы шақырылды. Қазалы аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліштің төрағалығымен өткен сессия жұмысына Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық бағыныстағы басқарма басшылары, Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті, ауылдық округ әкімдері мен әкімдікке қарасты дербес бөлім басшылары қатысты. 
Сессияның күн тәртібінде «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Қазалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы кезекті XI сессиясының №128 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралып, бұл бойынша Қазалы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев хабарлама жасады.
Сессия барысында Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы аудандық мәслихаттың депутаттарын облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, салық базасын ұлғайту жұмыстарына өз үлестерін қосуға, осы бағытта құрылған арнайы жұмысшы топтың жұмысын жандандыруды және бұл жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды. Сонымен қатар, ең алдымен, Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентін абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, кенттің сәулеттік келбетін қалыптастыру бағытында қаржы қарастырып, үнемделген қаржыларды осы жұмыстарға бағыттау керектігін жеткізді.
Қазалы ауданы басшысы мұнымен қатар, еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқан ел азаматтарына алғысын білдірді. Сондай-ақ, халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына орай, алдағы уақытта комиссия отырысын өткізуді жеделдетіп, мерейтойды жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Сессия барысында бірқатар депутат Әйтеке би кентінің шет аймақтарын абаттандыру және басқа да мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
 

Тағы да оқыңыз: