Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында 1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күніне орай түрлі шаралар қолға алынып, жалғасын тапты. Әр мекеме, білім, тәрбие ордалары түрлі іс-шаралар өткізді. 

Соның бірі – Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлмамбетқызының ұйымдастыруымен өткен 7-13 жас аралығындағы «Біз бақытты баламыз» тақырыбындағы сурет салу сайысы. Бұл шараға балалар өте белсенді қатысты. Қиялдарына ерік беріп, түрлі бейнелерді жер бетіне түсірді. 

Аталған сайыста балалар әртүрлі тақырыпта туындыларын дайындап, қысқаша түсіндіріп өтті. 

Шара соңында қатысқан барлық 25 бүлдіршінге сыйлықтар таратылды. Әр баланың салған суретін мұқият қарап шыққан бас дәрігер: 

«Барлығың суретші екенсіңдер ғой. Суреттерің бірінен-бірі өтеді. Бәрің де туындыларыңды керемет таныстырып өттіңдер. Астарында үлкен мән-мағына жатқандығын аңғарттыңдар. Өнерлерің өрге жүзсін. Үнемі бестік баға алыңдар», – деп өнерлі балғындарға сый-сияпат көрсетті. 

Сонымен қатар Бақыткүл Әлмамбетқызы перзентханада ем қабылдап жатқан нәзік жандыларды аралап, сәбилердің анасына сыйлықтар үлестірді.

Тағы да оқыңыз: