Kyzylorda-news.kz Күннің аптап ыстығына байланысты Қазалы ауданында тұрғындарға, әсіресе балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ерекше іс-шара ұйымдастырылды.

Қазалы мәдени-демалыс кешенінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндірушілері мен сала мамандары қатысты. Балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға бағытталған іс-шара мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді.

Мерекелік шара аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, түрлі танымдық ойындар мен қызықты сайыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар бүлдіршіндерге балмұздақ таратылып, олардың жазғы демалысын көңілді әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасалды.

Өрт сөндіру қызметінің мамандары арнайы техникалардың мүмкіндіктерін таныстырып, өрт қауіпсіздігі талаптары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ арнайы өрт сөндіру көлігі арқылы жаңбырлатып су шашып, аптап ыстықта балаларға ерекше қуаныш сыйлады.

Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйіне бөленген шара тұрғындарға қолайлы жағдай жасаумен қатар, жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызын айқындай түсті.

Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Өйткені тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі.

қазалы.jpg

Тағы да оқыңыз: