Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне арналған шара өтті.
Жиынды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп ашып, журналистер қауымына жылы лебізін жеткізді.
«Белгілі қоғам қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» дегені сөзі бар. Сіздердің елдің ертеңі үшін жұмсап жүрген бар қажыр-қайраттарыңызға, күш-жігерлеріңізге, ерен еңбектеріңізге халықтың да берер бағасы шынайы деп білемін. Әсіресе, қоғамдық пікірді қалыптастырушы рөлін атқарып келе жатқан баспасөз қызметкерлеріне артылған жүк ауыр. Себебі, жаһандық жаңғыру кезеңінде халықтық атмосфераның барометрі болу, адамзат баласын ортақ мүддеге жұмылдыру журналистердің еншісінде. Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын! Шығармашылықтарыңызға шабыт, отбасыларыңызға бақыт, береке-бірлік тілеймін!, - деді аудан басшысы.
Мұнан соң ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сахи Бахиұлын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, аймақтық «Тұран-Қазалы», аудандық «Қазалы» газеті редакциясының ұжымдарына және бірқатар сала мамандарына аудан әкімінің «Құттықтауы» мен «Алғыс хатын» табыстады.
Мерекелік жиында аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің бас редакторы Раушанбек Сейтенов, ардагер радиожурналист Ордабай Аяпбергенов, ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сахи Қапар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Кемал Көпжасар лебіздерін білдірді.
Басқосуда мереке иелеріне арнап аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән салып, ерекше көңіл-күйге бөледі.
Айта кетейік, шара барысында сала ардагерлеріне аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың арнайы сыйлықтары таратылды.