Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев 17 мамыр – Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күніне орай сала мамандарын арнайы қабылдап, мерекемен құттықтады. 

«Сіздердің елдегі ақпараттандыру саласына қосқан үлестеріңіз ерекше. Үздіксіз коммуникацияны қамтамасыз ету – бұл күнделікті қажырлы еңбек, озық  жабдықтар мен замануи технологияларды пайдалана отырып жұмыс жасау. Сіздердің жұмысқа деген жанашырлықтарыңыз бен тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында жүйелі жұмыс жүзеге асып келеді деп есептеймін», – деген Мұхтар Әуесұлы бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады.

Кәсіби мерекеге орай Қазалы аудандық пошта байланыс торабының бастығы Жайлаубай Нұрбаев Қазалы ауданының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сол секілді өзге де қызметкерлерге аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.

Басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш те сөз алып, мерейлі мерекеде қауышып отырған жандарға жылы лебізін білдірді. 
Өз кезегінде Қазалы аудандық пошта байланыс торабының бастығы Жайлаубай Маханұлы көрсетілген қошемет-құрметке алғысын айтты. 

Шара соңында Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары ән салып, саласының қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Тағы да оқыңыз: