Kyzylorda-news.kz. Қай елдің болмасын ауыл шаруашылығы экономиканың ең маңызды саласы болып табылады. Сондықтан да болар еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай жақында Қазалы ауданында өткен мәжілісте ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері мен мемлекет тарапынан қолдау шаралары талқыланды.

Алқалы басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев, қаржы ұйымдарының өкілдері, егін және мал шаруашылығы құрылымдарының басшылары, салалық мекеме басшылары мен кент, қала, ауылдық округ әкімдері қатысты. 

Маңызды шарада көктемгі егін егу, дала жұмыстарын және мал шаруашылығын жүргізуге қажетті қаржы көлемдерін толықтыру жолдарының мәселелері жан-жақты қаралды. Жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері талқыланды. 

Биыл Қазалы ауданында 17 612 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылмақ. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 6993 гектар жерге егіледі. Қазіргі таңда шаруалар тұқым дайындау, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникалары әзірлеу жұмыстарымен айналысуда. Аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы егіс науқанына дайындық жұмыстарын қайта пысықтады. Ол техникаларды толық дайындыққа келтіруді тапсырды. Су жолдарын тазалау, қажетті қосалқы бөлшектер, гербицидтер және дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз етуді басты назарда ұстау қажеттігін қатаң ескертті.

Тағы да оқыңыз: