Kyzylorda-news.kz. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, Қазалы аудандық Орталық «Жанқожа батыр» мешітінің ұйымдастыруымен «Ізгі қоғам» бағытының жоспарына сәйкес «Асаба болу – өз ісің, әдептен озбау – борышың» атты асабалар жиыны өтті.

Аталған іс-шараның мақсаты ізгі қоғам құруда қазақтың торқалы тойларының тізгінін ұстап жүрген асабаларға той өткізудің әдебі мен маңызын талқылау болды. Асабалар жиналған келелі кездесуде той-томалақтағы өрескел қателіктер мен кемшіліктер турасында сөз қозғалды.

Әртүрлі мәдени шаралардың жүргізушісі, ел ағасы Кенжалы Асқар мен ел ықыласына бөленіп жүрген асаба Нұрлыбек Сүлейменов шариғат пен дәстүрге сай той өткізудің маңызы жайында ойларын ортаға салды.

«Той арқылы қазақы дәстүрді дәріптеп, мәдениетімізді арттыруға әбден болады. Мәселен, жиналғандарды күлдіремін деп орынсыз әзіл, тұрпайы ойындар ойнату әдептен озғандық. Бұл арқылы біз қоғамды бұзатындығымызды білгеніміз жөн. Ол жерде қанша халық отырады. Үлкен де, кіші де келеді. Барлығына ортақ әзілдер айтылып, әдемі ойындар ойнатылған жөн. Орынсыз қалжың, арзан күлкі дарақылықтың бір көрінісі. Керсінше, көпшілік жиналған тойда ұлттық аспаптармен дәстүрлі әндерді жиірек орындап, биші қыздардың киімі де көз сүйсінерліктей болуы қажет. Сонда ғана біз ұлттық болмысымызды жоғалтпай, дәстүрімізді өз деңгейінде дәріптей аламыз», – деді асаба Нұрлыбек Байғараұлы.

Тағы да оқыңыз: