Kyzylorda-news.kz. Бүгін Әйтеке би кентіндегі «Жалаңтөс батыр» атындағы орталық стадионда аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында спорттық шара өтті.
Қазыналы қарттарымыз дойбы, шахмат, қол күрес, мылтық ату сынды спорт түрлері бойынша бақ сынады. Өздерінің ептілігі мен ойларының жүйріктігін таныта білген қариялар ауызбіршіліктің үлгісін танытты. Ерекше ойын өрнеген көрсетіп, көзге түскендері арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Отызға жуық еңбек ардагерлері қатысқан спорттық шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов арнайы барып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорттың төрт түрі бойынша өзара мықтыны анықтаған ардагерлер жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталды.
Айта кеткен жөн, аталмыш жарысты өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған. Мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, құрмет көрсету болып табылады.
«Бұл сайысты әр жылы асыға күтеміз. Ойың бөлініп, санаң серпіліп, бір жасап қаласың. Ұйымдастырушыларға ризамыз. Ардагерлерді ардақтап, қолдап, осындай сайыстар өткізіп жатқандарына рақмет. Замандастарымызбен шүйіркелесіп, қатарластарымызбен қалжыңдасып, бір жасап қаламыз», – дейді қазалылық бір топ ардагер.
