Kyzylorda-news.kz. «Ана сұлу көрінер қызыменен». Осындай тақырыпта «Балапан» балабақшасында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тәрбиешілер арасында аудандық байқау ұйымдастырылды. Кіл мықтылар басқосқан сайыс «Балапан» балабақшасының тәрбиеленушілері сахналаған «Балапан қаз» қойылымымен ашылды.
Мерекелік шарада «Қазақ тілі» Қазалы ауданы бойынша қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрбибі Әшір алғы сөз сөйледі. Ол жиналғандарды салтанатты күнмен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бақ пен бап қатар сыналатын додада «Айгөлек» балабақшасынан тәрбиеші Айда Оразбай мен тәрбиеленуші Аяла Нұрбекқызы, «Шұғыла» балабақшасынан Рыскүл Төлегенова мен Жанерке Ғабидолла, «Балдырған» балабақшасынан Айгүл Душанова мен Альфия Маралбек, «Балапан» балабақшасынан Гүлшат Сейітова мен Альмира Нұрмағанбетова, «Алпамыс» балабақшасынан Айсәуле Нұртай мен Әмина Қамысбай және «Ақбота» балабақшасынан Күлзада Елеева мен Мүслима Батырхан қатысты. Ауқымды байқау төрт кезеңнен тұрды. Алдымен ережеге сай талапкерлер өздерін таныстырды.
«Өнерлі өрге жүзер» атты екінші кезеңде анасы қызымен бірге, болмаса, жеке дара өз шеберлігін көрсету талап етілді. Ал «Шебер қолдар» сайысында жеміс-жидектерден композиция құрастыру, іс тігу, ою-өрнек, құрақ құрау міндеттелді. Соңғы шарт бойынша тәрбиеге байланысты мақал-мәтел, жұмбақтың шешуін айтып, ситуациялық сұрақтарға жауап берді.
Сайысқа түсушілердің білімі мен өнерін әділқазылар – Нұрбибі Әшір, «Өрімтал» балабақшасының меңгерушісі Рабиға Қарымсақова және «Аида ЖШС» балабақшасының меңгерушісі Әлия Мәшенбаева бағалады.
Мазмұнды шара кезінде «Балапан» балабақшасының тәрбиеленушілері «Ана туралы жыр», «Ақ мамам» әнін орындап, «Асатаяқ» биін мың бұрала биледі. Бұдан соң «Өз анаңды тап» ойыны ойнатылды. Онда аналарды тізбектеп қойып, көзі байланған балалар өз аналарының бетін, қолын сипау арқылы табу керек болды. Қызықты ойын соңында балалар аналары мен қыздарға гүл сыйлап, керемет кештің көркін одан әрі ажарландырды.
Жарысқа қатысқан тәрбиешілер мен қыздары «Аяулы ана» әнін ортақ орындады.
«Байқау жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, «Шұғыла» балабақшасының «Ең қымбат нәрсе» атты ана мен қызының арасындағы қойылымы мен киімдері, «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының әшекей бұйымдары, бейнеролигі және ән шырқауы ғажап болды. Ал «Балапан» бөбекжай балабақшасының «Арманбек» сауда орталығында түсірілген бейнеролигі, «Жетімек» монологы, өзін-өзі таныстыруы, көріністері, жеміс-жидек композициясы бәрі де көрерменнің көңілінен шықты. «Ақбота» балабақшасының қатысушылары анасы мен қызының қолдан жасаған шоқ гүлдері, «Алпамыс» балабақшасының анасы мен қызының ән шырқауы, тұс киізі, бейнеролигі, ситуациялық сұрақтардан тиімді жол тауып шығуы өзгелерден ерекшелеп тұрды. «Айгөлек» балабақшасының қатысушылары өз қолдарымен дайындаған тұмарлары, ою -өрнектері өте керемет шықты», – дейді әділқазылар алқасының төрайымы Нұрбибі Әшір.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Балапан» бөбекжай-балабақшасының қатысушылары Гүлшат Сейітова мен қызы Альмира Қуанышбекқызы жеңіп алды. Бірінші орын «Балдырған» балабақшасының қатысушылары Айгүл Душанова мен қызы Альфия Маралбекке және «Алпамыс» балабақшасынан келген Айсәуле Нұртай мен Әмина Қамысбайға бұйырды. «Шұғыла» балабақшасының қатысушылары Рыскүл Төлегенова мен қызы Жанерке Ғабидолла және «Ақбота» балабақшасының қатысушылары Күлзада Елеева мен қызы Мүслима Батырхан екінші орынды иеленді. Үшінші орын «Айгөлек» балабақшасының қатысушылары Айда Оразбай мен қызы Аяла Нұрбекқызына берілді. Жеңімпаздарға «Алғыс» хаттар, бағалы сыйлықтар табысталды. Бүлдіршіндерге арнайы дипломдар беріліп, сый-құрмет көрсетілді.
