Kyzylorda-news.kz. Әке – бала үшін асқар тау. Сондықтан әкені сыйлау, үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың басты парызы болмақ. Ал ұрпақ тәрбиесі қай кезеңде де қоғамның өзекті мәселесі болып қала бермек. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен «Әкелер күні» мерекесіне орай «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында мәжіліс өтті.
Аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында өткен жиынға «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, түрлі сала ардагерлері, білім саласының қызметкерлері, ата-аналар комитетінің мүшелері мен психолог мамандары қатысты.
Жиында сөз алған ардагерлер қауымы жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік – рухани тәрбие беру екендігіне тоқталып, қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар басқосуда бірқатар білім саласының қызметкерлері сөз алып, жасөспірімдерге ақпараттық жүйелерде шектеу қою, ата-аналардың жауапкершілігі, ұлттық құндылықтарды пән ретінде енгізу сынды ұсыныстарын айтты.
