Бүгін Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінің орталық алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған мерекелік шара өтті.
Бірлігі берекелі, татулығы тұғырлы болған мерейлі мерекеде аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп, аудан жұртшылығына жылы лебізін білдірді.

- Татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символына айналаған бұл мерекенің еліміз үшін орны ерекше. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз. Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз» деген болатын. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен, қазыналы Қазалы жұртшылығының бірлігінің нәтижесінде ауданымыз әрдайым жаңа жетістіктермен, толайым табыстарға қол жеткізіп келеді. Бүгінде ауданымызда орыс, корей, татар, өзбек, украин, башқұрт, грек, қырғыз, түрікмен, неміс сынды 10-нан аса түрлі этнос өкілдері әлеуметтік, шаруашылық пен өндіріс салаларында татулықпен еңбек етіп, аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосуда. Олар өздерінің ана тілдерін, салт-дәстүрлерін дамытумен қатар, «Тамыр терең, тарихы кенен - Қазалы» жерінде достықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осындай ынтымақ пен бірлігіміз барша қазалылықтарды мол табысқа жеткізуде. Баршаңызды бүгінгідей айтулы мерекемен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, мол бақыт тілеймін! Тыныштық пен бейбітшіліктің тал бесігінде тербелген халқымыздың татулығы мен бірлігі нығая берсін, еліміздің болашағы баянды, іргесі берік болсын, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мерекелік шарада бейбітшілік пен достықты нығайтуға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың «Алғыс хаты» табысталды. Сондай-ақ Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы мұңай өндеу саласында Департамент директоры Ахантай Бауыржан Ахантайұлы мен құрылыс және энергетика саласының ардагері Сералы Құлсейітов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ауданның ең жоғары наградасы «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде дүйім жұрт әр ұлттың әні мен биіне, тағам түрлерінен дайындалған «Этно ауыл» атты көрмеге, салт-дәстүрі мен өнеріне қанық болып, концерттік бағдарламаның куәгері болды.
Орталық алаңға ағылған көпшілік еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілеп, бір-біріне ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, шара соңында татулық пен бірліктің символы болған ақ көгершіндер ұшырылды.

