Kyzylorda-news.kz. Бүгінде халық төрт түлікте береке барын жақсы түсінген. Себебі, мінгенге көлік, шөлдегенге сусын, ашыққанға азық болса, ал шеберлердің қолына түссе, терісі мен жүні қажетті дүниеге айналады. Дархан даланың еңбекқор шаруаларының арқасында қазір кең байтақ жеріміз мыңғырған малға толуда. Солардың қатарында Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Гүлбану Әлиеваны ерекше атауға болады. Талапшыл жан мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдікпен 6 проценттік көрсеткішпен сомасы 11 миллион теңге құрайтын несие алған. Мұндай мемлекеттік жоба бойынша несие мерзімі 9 жылға деп есептелгенмен ел кәсіпкерлері өз ісінде айналымға шығуы үшін 2 жыл қарызды өтемей тұра тұруға мүмкіндік береді. Бұл жаңалық жас кәсіпкерді ерекше ынталандырып, қолға тиген қаражатқа барлығы 15 түйе иемденді. Солардың басын қолдағы түлікке қосқанда 42 басқа жетті. Нағыз құмды жерге жақсы бейімделген жануарлардың арасынан 10 түйені отбасымен бірге сауады. Оларды арасын өткізіп, 3 мезгіл сауатын көрінеді. 

Түйе күйіс қайтаратын, жұп тұяқты, шөл және шөлейтті жерлерге жақсы бейімделген үй жануары. Түйенің аналығын - іңген, аталығын – бура деп атайды. Түйенің ботасын емізіп, сауу үшін көс - көс деп шақырады. Түйені су ішуге сорап - сорап деп шақырады. Шөк - шөк деп түйенің тізесін бүктіріп, шөгеру үшін айтылған сөз. Басқа жануарларға қарағанда түйенің ерекшелігі көп. Түйені пышақпен жүндейді. Малды ұстап байлайтын жабдықтары болады. Түйені мұрындық немесе бұйдамен байлайды. Түйе төлін 12 ай көтереді. Түйенің баласын бота деп атайды. Бір топ түйені келе - келе деп атайды. Түйені бағатын адамды түйеші дейді. 

“Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ. Дегенмен, ілгері заманда жылқы мен түйенің адам үшін атқаратын қызметі өте жоғары бағаланған. “Жылқы малдың - патшасы, түйе - малдың қасқасы” деген мақал сол кезде туылған болатын. Мереке - қуанышта, қайғы - қасіретте басқа түскен ауыр күндерде бұл түліктер адамның айырылмас жан досы болған. Біздің жерімізде үй жануарларын өсіруге қажетті жағдайлардың бәрі бар. Шүйгін шөп, су, жайылымдық жерлер жеткілікті. Оның ішінде түйе шаруашылығының пайдасы мол. Түйе 150 - 200 келіні құрайтын жүкпен 30 - 40 шақырым жол жүре береді. Қазақ халқы еті мен сүті, әрі тағам, әрі шипалы дәрі, жүні - киім, өзі - сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төресі санаған. Сүтінен емдік қасиеті бар май, шұбат, сыр дайындалса, еті тағамға қолданылды, ал жүні 85 процент таза өте бағалы түбіттен тұрады. Барлық шөптің түрін жей береді, шөлге шыдамды. Олардың салмағы 550 - 650 келі, ол 10 - 12 келідей жүн беріп отырады. Басқа үй жануарларына қарағанда, түйе біздің елімізде өте аз. Түйе киелі жануар – пайдасы да зор. Қазақтың түйе сүтінен жасалатын ұлттық сусыны - шұбат. Шұбат - түйе сүтінен ашытылады. Бұл - әрі сусын, әрі тағам. Өйткені бие сүтіне қарағанда, түйе сүті өте майлы келеді. Оның емдік қасиеті мол”, – дейді кәсіпкер әйел.

Ірі қара малдың сүті, еті үшін өсіреді. Үй жануарлары ең алдымен тамақ өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ал жүн, түбіт, теріден киім – кешек дайындауға болады. Оның ішінде түйе шаруашылығының тигізер пайдасы мол деп айтар едім. Басқа жануарларға қарағанда еті де, жүні де мол. Әсіресе сүтінен шұбат ашытып оны емге пайдаланылады. Ертеде түйені көлік ретінде пайдаланған. Бір түйеге кигіз үйді жабдықтарымен артып, бір жетіге немесе он күнге дейін су ішпей жүре береді екен. Олар 30 - 40 жыл өмір сүреді. Түйеден 350 - 450 кг. ет алынады. Қазақ халқы еті мен сүті әрі тағам, әрі шипалы дәрі, жүні киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің киесі санаған. Түйеден алынатын бағалы өнімнің бірі жүн. Тоқыма өнеркәсібі үшін бағалы шикі зат. Түйе жүнінен дайындалған бұйымдар әрі жеңіл, әрі жылы болады. Ел арасында шудадан жалпақ белдік тоқып, белі ауырғанда, сары су жиналған жерге тағады. Ата - бабаларымыз қасиетті жануар болғандықтан пір тұтқан.

Осы күні түйе шаруашылығын дамытуда сүбелі үлесін қосып отырған кәсіпкер бұдан бөлек жылқы, сиыр және уақ малдарды да баптап жүр. Төрт түлік ұстауда ұзақ жылдық тәжірибесі бар Гүлбану Әлиева үй тіршілігін ұршықша иіруде. Атап айтқанда, түйе сауу, шұбат ашытудың қыр-сырын тәп-тәуір меңгерген. Берекелі әулеттің келіні, түйе төлін өсіріп, шаңырағындағы үш баласына білгенін үйретіп, шаруаға баулып жүр. Сонымен қатар күбі пісіп, табиғи сары май мен құрт пен ірімшік әзірлейді. Түйенің қырқылған жүнін де кәдеге асырады. 

“Жалпы түйе сүті жүз ауруға ем. Ол ішек-асқазан аурулары, өкпе ауруларымен күресіп, жүйке-жүйесінің жақсаруына әсер етеді. Балалар мен ересектердің иммундық жүйесін қалыпқа келтіреді. Дәмі тіл үйіріп, шөліңді қандыратын қасиетке ие. Шүкір, күніне кемі 10-15 литр өнім алу мүмкіндігі бар. Шұбат дайындап, алдымен балаларға, сосын үйге келген меймандарға ұсынамыз. Қалған ауысқанын тұрақты тұтынушыларымызға сатамыз. Әрекет етсең еңбегі қарай Құдай да береді. Әзірге бастама жаман емес. Тапсырыс берушілер көп. Ауылдағылардан бөлек Қазалыға да жеткіземіз”, – дейді кәсіпкер.

«Ашытқысын үзбейміз» деген ол, қажетіне қарай бірде түйе сүтін жылыдай құйса, бірде пісіріп құятынын жеткізді. Содан да болар шұбатқа сұраныс үзілмей, тұтынушылар қатары көбеюде. Қойған бағасы да аса қымбат емес. 

«Түйесі бардың, киесі бар» деп бекер айтылмаған. Қазір де шұбаттың мыңда бір дертке шипа екенін ғалымдар дәлелдеуде. Енді Гүлбану шаруалығының шашауын шашпай, оны ұлғайтуды діттеп отыр. Алдағы уақытта көмекшілер алып, жұмыссыз санын азайтуды да көздеуде. Біздің тарапымыздан мақсаты айқын, жоспары нық Гүлбанудың берекесі арта берсін деген тілек.

Тағы да оқыңыз: