Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылдық округінде «Ауылым – ақбоз мекенім» атты ауыл күніне арналған салтанатты шара өтті.

Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бірлігі бекем, тірлігі тиянақты  ауыл жұртын мерекемен құттықтады. 

«Туған жер – адам баласының кіндік қаны тамған, жанына, жүрегіне жақын, қимас сезімге бөлейтін алтын ұясы. Ауылына елең етіп, мойын бұрмайтын адам кемде-кем. Жанкент ауылы - Түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт бабамызбен әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз мекендеген киелі өлке. Мұндағы халықтың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты. Баршаңызды бүгінгі ауыл күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деген аудан басшысы ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. 

Мұнан соң ардагерлер Өткелбай Жолмырзаев, Есенкелді Мәлиұлы және Аманжол Қалыбайұлы сөз алды. Сол секілді Жанкент ауылының қамқоршы қызы Сәрсенгүл Әлімжанқызы да жылы лебізін білдірді. 

Мерекелік бағдарлама аясында ауыл тұрғындары әртүрлі спорттық жарыстарды тамашалады. Мұнда жастар батпан көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тарту, ләңгі тебу, қой көтеру, қол күрес және грек-рим күресі бойынша өзара күш сынасты. Мерекелік шарада аудан және ауыл өнерпаздары өнер көрсетіп, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, кешкілік ауылда облыс және аудан өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылатын болады.

Тағы да оқыңыз: