Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың елді мекен тұрғындарымен кездесулері дарияның арғы бетіндегі Өркендеу, Бірлік және Қожабақы ауылдарында жалғасты.
Ауылдық клубтарда өткен кездесулер барысында аудан басшысы алдымен аудан көлемінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар мен міндеттерді баяндады.
– Өздеріңіз білесіздер өткен жылы аудан орталығына шалғай орналасқан Шәкен және Сарбұлақ ауылдарына орталықтандырылған ауызсу жеткізіліп, аудан халқын таза ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Сонымен қатар Қожабақы, Түктібаев ауылдары мен Қазалы қаласының электр желілері қайта жаңғыртылды. Алдағы жылы өзге де елді мекендердің электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасады. Өткен аптада облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Жанқожа батыр және Үрмәш Түктібаев ауылдарына табиғи газ берілді. Жыл соңына дейін Бекарыстан би және Майдакөл ауылдарын да көгілдір отынға қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Ақсуат және Байқожа ауылдарын газдандыруға жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Келер жылы ең алдымен Өркендеу ауылынан бастап, дарияның арғы бетіндегі аталған елді мекендерге магистралды газ құбырын жеткізу жұмыстарын қолға алу көзделіп отыр. Дарияның арғы бетіндегі ауылдар үшін стратегиялық маңызға ие нысандардың бірі Қарлан көпірінің құрылысы екені белгілі. Өткен жылы аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен көпір құрылысына қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көпірдің кіреберіс жолдарының бір бөлігін асфальттау толық аяқталып, екінші бөлігінде тиісті жұмыстар басталды. Сондай-ақ негізгі су өтетін арнадағы аралық құрылымдарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы ауданға жасаған жұмыс сапары барысында нысан құрылысы тікелей бақылауында екенін жеткізген болатын. Ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл каналдар мен қашыртқыларды механикалық тазалау, су арналарының өткізу қабілетін жақсарту және каналдарды бетондау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар егін шаруашылығын әртараптандыру, жүгері дақылын өсіру бағытында арнайы инвесторлар тартылып, нақты жұмыстар қолға алынуда, - деді аудан басшысы.
Кездесулер барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныс-пікірлерінде ортаға салды. Өркендеу ауылының тұрғындары ауыл ішіндегі шағын көшелердің біріне түнгі жарық орнату мен жаяу жүргіншілерге жол салу мәселесін көтерді. Аудан әкімі ауыл әкіміне аталған көшені жарықтандыру жұмыстары мен жаяу жүргіншілерге арнап қиыршық тас төсеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Бірлік ауылының тұрғындары ауылдық клуб салу, ал қожабақылықтар балабақша салу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Аудан басшысы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жасаған Жолдауында келер жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасына тоқталып, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың құрылысын жандандыру жұмыстары қолға алынатындығын айтты. Осы ретте Бірлік ауылына клуб пен Қожабақы ауылына балабақша салу мәселелері бірінші кезекте қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ Қарлан көпірінің құрылысы толық аяқталғаннан кейін көпірден Бірлік ауылына дейінгі жол аралығын асфальттау жоспарланып отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын айтып, халықтың әл-ауқатын арттыру, елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, аудан әкімі жеке мәселелері бойынша қабылдауға келген тұрғындарды да тыңдап, көтерілген мәселелердің заңдылығы мен шешу жолдарын зерделеу жөнінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

