Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Аранды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Қожабақы ауылдық клубында өткен кездесуде аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен Қазалы ауданында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.
- Бүгінде ауданымызда елді мекендерді газдандыру, жол және электр инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ең ауқымды жобалардың бірі - Сырдария арқылы өтетін Қарлан көпірінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев елді мекендерін табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Ал келесі кезеңде Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарына магистралды газ жеткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аранды ауылдық округі тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – Қожабақы–Аранды бағытындағы 12 шақырымдық аудандық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу мәселесі екені анық. Аталған жолды жөндеу жұмыстары да ең бірінші кезекте қолға алынатын болады, - деді аудан басшысы.
Жиында аудан әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен игі бастамаларды қолдаудың маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды ел бірлігін нығайтуға, өзара ынтымақ пен қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және елдік істерге белсенді атсалысуға шақырды.
Жақында елімізде өткен Құрылтай сайлауында аудан тұрғындарының белсенділік танытып, елдің болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын білдіргенін атап өтіп, ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.
Кездесу барысында ауыл ақсақалдары да сөз сөйлеп, елдегі оң өзгерістерге, ауылдарды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Кездесуден кейін аудан басшысы Қожабақы ауылы маңындағы аудандық маңызы бар жолдың 32,1 шақырымында орналасқан темірбетон көпірдің қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.
Қазіргі таңда мердігер мекеме «Гүлнұр МК» ЖШС құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Жаңа көпірдің ұзындығы – 21,6 метр, ені – 7 метр. Жобаның жалпы құны – 382,7 млн теңге. Жұмыс барысында көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін 403 метр айналма жол ұйымдастырылған.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына, жобалық талаптардың сақталуына және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде мердігерлерге бірқатар тапсырмалар берді.

