Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясынан аудандық партия филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қазалы ауданының прокуроры Дарын Әбіш бекітілген кестеге сәйкес аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар тарапынан алимент өндіру, аудандағы букмекерлік кеңселер мен ойын орталықтарын жабу және алаяқтық істер бойынша өтініштер көптеп айтылды. Сондай-ақ, қазалылықтардың өзекті өртеп тұрған басты мәселесі – жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрмыс жағдайлар турасындағы тақырыбында көкейде мазалаған сауалдар қойылды.
Қабылдау барысында айтылған өтініштермен толықтай танысқан аудан прокуроры бірқатар түйінді қиындықтардың шешілу жолдары аясында кеңестер берді. Жауап таппай, жандарына батқан сұрақтарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, бірқатар өтініштерді өз бақылауына алды. Осылайша халықты сабырлылық пен шыдамдылыққа шақырған ол алдағы уақытта тиісті жұмыстар қолға алынып, реттілігімен атқарылатындығын жеткізді.
Айта кеткен жөн, жеке қабылдауда шалғай жерде орналасқан ауыл тұрғыны «ZOOM» бағдарламасымен байланысып, талап-тілектерін жеткізді.
