Kyzylorda-news.kz. Бүгінде туған жердің түрленіп, даму жолында тынбай еңбек еткен тұлғаларды көкке көтеріп, оларға «құрметті азамат» атағын беру үрдіске айналған. Жуырда дәстүрге айналған шара аясында аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген Нағашыбай Сахитжанов та осы атаққа лайық деп табылды.
Осыған орай, Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан Нағашыбай Сахитжановты арнайы қабылдап, өткен жылы марапаттау комиссиясы және аудандық мәслихат сессиясының шешімімен берілген “Қазалы ауданының құрметті азаматы” атағын салтанатты түрде табыстады.
Арнайы марапатты Қазалы ауданының әкімдігінде ұйымдастырылған ресми кездесуде аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы құттықтау лебізбен ұсынды. Аудан басшысы Нағашыбай Сахитжановтың ауыл шаруашылығы саласындағы білігі мен бағындырған биігіне тоқталып, ел дамуы үшін атқарған еселі еңбегіне ризашылығын білдірді.
“Төл перзенттеріміздің туған топырағы үшін жасаған қалтқысыз еңбегі келешекке өнеге. Сіздер секілді үлгі болар тұлғалы азаматтарымыз барда кейінгі толқын өз жолынан жаңылмайды деп анық айта аламын”, – деді Қазалы ауданының басшысы Мұхтар Оразбаев.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков те марапат иесіне жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жиын барысында құрмет иесі Нағашыбай Сахитжанов жиналған қауымға алғысын айтып, алғаусыз алғысын білдірді.
Жаңашылдыққа жаны құмар Нағашыбай Сахитжанов - 1947 жылы өмірге келген. Талапшыл азамат Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша 1964-1969 жылдары бітірген.
Айта кетейік, абырой биігінен көрінген ардагер алғаш еңбек жолын сол оқу орнының жолдамасымен Қазалы ауданына қарасты Партияның ХХІІ съезі атындағы совхозда машина-трактор сақтау алаңының меңгерушісі болып бастаған. Кейін 1970 жылы сол совхоздың шеберхана меңгерушісі, 1975 жылы “Өркендеу” күріш совхозына инженер-механик, 1981 жылы аудандық партия комитетінің жолдамасымен Қазалы асыл тұқымды ақ қой совхозына директор, 1989 жылы Өркендеу ауылдық советі атқару комитетінің төрағасы атағын абыроймен адал алып жүрді.
Сонымен қатар, 1991 жылы халық депутаттары Өркендеу ауылдық советінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ал, 1994 жылы Өркендеу ауылының әкімі және 1997 жылы Өркендеу шаруа қожалығының басқарушысы болды. Сонымен бірге, 1998 жылы аудандық көші-қон демография бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарды. Бұдан соң, 1999 жылдан Өркендеу ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалады.
Осылайша, биік белестерді бағындырған азамат 2010 жылы аталмыш қызметтен зейнеткерлікке шыққан. Күн-түн деместен шаршамай-шалдықпай, еткен еңбегі үшін ҚР Конституциясының – 10 жылдығы төсбелгісімен, Ел Тәуелсіздігінің – 10 жылдығы және ҚР Тәуелсіздігінің – 20 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған.