Kyzylorda-news.kz. Қазіргі кезде экологиялық жағдайы тәуір деп айтарлықтай аймақ Қазақстан жерінде жоқ десе, артық айтқандық болмас. Алайда, олардың ішінде экологиялық шырғалаңның шырмауына мықтап түскен Қазалы мен Арал өңірі бәрінен де оқшау тұр. Бұл аймақтардың экологиялық жай-күйінен хабардар болу үшін Арал теңізінің кепкен табанынан үздіксіз көтеріліп тұратын миллиондаған тұз аралас шаң-тозаңның зияны төрткүл дүниені алаңдатып отырғаны әмбеге аян.

Әртүрлі химиялық заттарымен қаныққан Сырдария суы ішуге жарамсыз. Бұған қоса, аппақ сары бұрқыраған егістік пен шабындық, сонымен қатар, жайылымдық жерлерін және Байқоңырдағы космос алаңынан әркез ғарыш кеңістігіне аспанды жара өтетін арнайы ұшырылған ракеталарын айтсақ та жеткілікті. Ия, салыстырмалы түрде шынында да, Қазалы мен Арал өңірі экологиялық жағдайынан қолайсыз аймақтардың бірі саналады. Сондықтан да, Байқоңыр мен Аралдың арасында орналасқан Қазалы ауданындағы экологиялық мәселелер жетіп артылады. Осы орайда, экологиялық хал-ахуалды жақсартудың шұғыл шараларын ұйымдастырудың қажеттігін де түсінеміз. Экологиялық мәселелерге келгенде, қазалылықтар қарап қалмай, өздерінің сүбелі үлестерін қосып жатыр. Себебі, экологиялық проблемаларды шешу бұл жаппай халықтық іс болып табылады.

Атап айтқанда, қолайлы экологиялық жағдай жасау мақсатында көгалдандыру жұмыстарының ерекшеліктері мол. Сол себепті де, ауылдың көркін ашатын да, келбетін келісті етіп, әрін арттыратын да – оның тазалығы мен жайқалған жасыл желегі. Бұл екеуі болмай ауылға сән кірмейді, тірлігі алға баспайды. Сондықтан да, ауыл шырайын шұғылалы ету мақсатында Қазалы ауданында жылдар бойы қыруар күш жұмсалып, нәтижесі де көрініп-ақ келеді. Ауданда ағымдағы жылдың көктемгі екі айлық көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары өтуде. «Әйтеке би кентін абаттандыру мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша бірқатар шаруа қолға алынды» дегенді алға тартады мамандар.

«Бүгінде Әйтеке би кентінің 43 көшесі аяқ сумен қамтылған. Оның ішінде – 12 көшеге су өз ағынымен беріледі. Қалған – 31 көшеге су айдайтын насостар арқылы тұтынады. №5 ықшам ауданы бойынша ұзындығы – 5 шақырым болатын 6 көшеге құбыр арқылы 165 каналдан аяқсу жіберілуде. Жалпы, шаһар аумағында 5 жерде су насостары орнатылған. Кентішілік көшелерді аяқсумен қамту үшін – 7 миллион 725 мың теңге бюджеттен қаржы бөлінді. Тендер жарияланып, мемлекетті сатып алудың ашық конкурсы бойынша, мердігер мекеме «Пример Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Баға ұсынысы бойынша, 4 миллион теңгеге жуық келісім шарт жасалды», – дейді Әйтеке би кенті әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәуіржан Құлмұратов.

Бөлім басшысының мәлімдемесіне сүйенсек, 15 шақырымды құрайтын аяқ су арықтары, оның ішінде, ішкі «Қараарық» және «Кішіарық» арналары тазартылған. Әйтеке би кенті бойынша, 2000-ға жуық тал көшеттері егілген. Аяқсуды реттеу мақсатында – 3 жерге су тоспасы орнатылды. Сондай-ақ, өсіп тұрған көк желеңдерді суару өз дәрежесінде жүргізілуі үшін үлкен электрлі ГНОМ насосы сатып алынған. Олар белгіленген жерлерге орнатылуда. Әйтеке би кенті бойынша – 750 ағашты балақтау мен түптерін әктеу жұмыстары атқарылды. Осы шаралар әлі де жалғасын табуда.

Сонымен қатар, орталық көшелердегі 5,2 шақырым қоршау шартақтарын жуу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, В.Счастнов көшесінің бойындағы қоршау шартақтар сырланды. Алдағы уақытта, Қ.Пірімов, Әйтеке би көшелеріндегі қоршауларды сырлау жұмыстары жалғастырылады.

Ал, демалыс алаңдарына ағымдағы жөндеу шаралары жоспарланған. Бюджеттен – 10 миллион теңге қарастырылды. Енді, осы қаражатқа Қ.Пірімов көшесінің бойындағы ескерткіш, белгілер мен Тәуелсіздік монументіне, теміржол вокзалы жанындағы алаңға және «Жетес би» ескерткіш аумағына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Қазір ашық конкурс қорытындысымен «ҚазалыСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталып отыр. Серіктестікпен 8 миллион 176 мың теңгеге келісім шарт жасалуда.

Жоспарға сай, демалыс орындарындарында әсемдік үшін гүл егуге – 2 миллион теңге бөлінген. Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде, «Пример Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанып, 1 миллион 785 мың теңгеге келісім шартқа отыруда. Енді, мамыр айында шаһар көшелерінде көздің жауын алар гүл көшеттері егіледі деп күтілуде.

Осылайша, Қазалыда соңғы кездері табиғатқа жанашырлықпен қарап, жақсы әдет қалыптастыруға қолға алғандардың қатары көбейіп жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай.

Қазақтың салтында ер адамның атқаруы тиіс амалдың бірі – ағаш отырғызу. Бұрынғылар кесілген бір талдың орнына он тал егуді де міндет еткен. Демек, табиғатқа орасан пайда тигізудің бірден-бір жолы – ағаш егу, артыңнан мал емес, талдың қалуы маңызды шара деп қабылдаған. Не үшін десеңіз, ауадағы зиянды көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, бізге қажет оттегі бөледі. Осы игі істі қазалылықтар жыл сайын жақсы үрдіске айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана, аудан жасыл желекпен жайқалары сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: