Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентін аралап, аудан орталығының санитарлық тазалығын бақылады.
Кент аумағын аралау барысында аудан әкімі Әйтеке би кентінің әкімі мен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарына санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды бірлесіп күшейтуді тапсырды. Тұрғындарға өз аулалары мен оған іргелес аумақтарды таза ұстау, ретсіз өскен шөптерді шабу, белгіленбеген орындарға қоқыс тастамау, тозығы жеткен жол белгілерін басқа да нысандарды қайта қалпына келтіруді, абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ескерту жасауды және заң талаптарын бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді.
Қазалы ауданының әкімі аралау барысында бірқатар тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп, әрбір нысан мен үй иесінің өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін атап өтті. Азаматтарды есік алдындағы аумақтарды таза ұстап, ретсіз өскен шөптерді уақтылы шауып, туған жердің көркін сақтауға шақырды.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын сақтау әрбір азаматтың заңмен белгіленген міндеті ретінде айқындалды.
Осыған сәйкес Әйтеке би кенті әкімі аппаратының қызметкерлері учаскелік полиция инспекторлары мен бірлесіп кент аумағында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Рейдтік жұмыстар барысында тұрғын үйлердің ауласы мен оған іргелес аумақтарын таза ұстамаған тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, ескертулер берілуде. Бүгінге дейін кент бойынша 300-ге жуық тұрғынға ескертулер жасалса, тұрғындардың басым бөлігі ескертулерді орындап, өз аулалары мен оған іргелес аумақтарын толық тазартуда.
Аралау барысында аудан басшысы кенттің санитарлық тазалығы бойынша берілген тапсырмалар тікелей бақылауында болатынын айтып, туған жердің тазалығы үшін бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

