Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ғимараттардың жұмыс барысымен танысты.
Аудан басшысы ең әуелі Құмжиек ауылдық округіндегі Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.
Мұхтар Әуесұлы жұмысты жаңа оқу жылына дейін толық аяқтау қажет екенін қатаң тапсырып, жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Бұдан соң аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектепке аялдады.
Өз кезегінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құрылысқа жауапты мамандарға тоқтаусыз жұмыс жасау қажет екенін ескертті. Сондай-ақ, бірінші кезекте сапаға мән беріп, жұмыс қарқынын күшейтуді жүктеді.
Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасындағы халықтық әлеуметтік осал топтарға берілетін тұрғын үйлердің құрылысымен де танысқан аудан басшысы мұнда да ең әуелі сапаға қатты мән беру қажет екенін ескертіп, ұдайы бақылауда болатынын айтты.
Сонымен қатар, жұмыстардың баяу жүріп жатқанын қатаң сынға алып, жеделдету арқылы құрылысты уақытында аяқтауды тапсырды.