Kyzylorda-news.kz  Ағымдағы жылы Қазалы ауданында құрылыс саласы ерекше қарқын алып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандардың саны артып, сапалы жаңартулар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет баяндады.

– Биылғы 6 айдың ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 5,6 млрд теңгеден асты. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Тұрғын үй құрылысы бойынша 22 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 2 пәтерлі 74 тұрғын үй салынып, 148 отбасы баспаналы болса, биыл тағы 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, жыл соңына дейін 100 отбасыға жаңа пәтер табыстаймыз. Жыл басында прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Қарлан» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы қайта басталды. Қазіргі таңда көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Вокзал жанындағы теміржол өткелі де қайта салынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, аудан орталығы мен ауылдарда демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынып жатыр. Бұл нысандар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді, - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі айтарлықтай артып, егіншілік пен мал азығы өндірісі жүйелі түрде жүргізілуде. Диқандар егіс алқаптарын әртараптандырып, су тапшылығына байланысты тиімді агротехнологияларды енгізуде.

– Биыл ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Диқандарымыз 17 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оның ішінде күріш көлемі 5,6 мың гектарды құрады. Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты күріш егісі азайғанымен, әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше назар аударылды. Жақында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіп, су деңгейінің төмен болуына байланысты шаруалармен кездесіп, қажетті техникалық көмектер көрсетілетінін жеткізді. Сонымен бірге ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ауданға арнайы келіп, Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен салынған тұқымбақтың жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта бұл жерде сексеуіл мен өзге де ағаш көшеттері өсіріліп, Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызу жоспарлануда. Биылғы маусымда өнім сапасы мен көлемін арттыруға күш салынуда. Ауданнан Ресей, Беларусь, Германия, Қытай және тағы басқа елдерге 4 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде күріш, балық және қамыс экспортқа шығарылды. Бұл – жергілікті өнімнің сапасы мен сұранысының артқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын қолдау шаралары жалғасып, жаңа жобалар жүзеге асырылады, - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Қазалы ауданында өнеркәсіп өндірісін ұлғайту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асуда. Жыл басынан бері өндіріс көлемі артып, жаңа нысандар ашылып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда.

– Аудан экономикасында оң өзгерістер байқалады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жыл басынан бері айтарлықтай өсіп, өңдеу өнеркәсібі негізгі үлесті иеленіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерліктің белсенділігі жоғары – 5 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істеп, айтарлықтай өнім өндіруде. Алты ай ішінде бірнеше жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, ондаған адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге несие мен грант түрінде қомақты қолдау көрсетілді. Ұлттық инвестициялық платформаға бірнеше ірі жоба енгізіліп, оның кейбірі жыл соңына дейін іске қосылады. Соның бірі - «Арал Рыбторг» ЖШС-нің балық шаруашылығы жобасы, оған жер телімі бөлініп, құрылысы жүріп жатыр. Бөлшек сауда айналымы да өсім көрсетуде. Біз кәсіпкерлікті әрі қарай дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық береміз. Экономиканы әртараптандыру және бизнеске қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Тағы да оқыңыз: