Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың 1 актілі, 4 көріністен тұратын «Құдағилар» комедиялық қойылымы көрермен назарына ұсынылды.

Қазалы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған халық театры өнерпаздары ұсынған қойылымды аудан тұрғындарымен бірге Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов та тамашалады.

Сахналық туындыда қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтары, құда-жекжаттар арасындағы қарым-қатынастар әзіл мен шынайы өмір сабақтастығы арқылы көрініс тапты. Оқиғалар желісіндегі қызықты жағдайлар көрерменді бірде күлкіге бөлесе, бірде отбасылық сыйластық пен адамгершілік құндылықтар жайында ойландырды.

Қазалы ауданы қойылым 2.jpg

«Құдағилар» комедиясының басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтының маңызын насихаттау және театр өнері арқылы көрерменге мазмұнды мәдени демалыс сыйлау.

Қойылымды сахналаған режиссер Бақыткелді Надиров бастаған шығармашылық ұжым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды.

Қойылым соңында аудан әкімі шығармашылық ұжымға алғысын білдіріп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттайтын, тәрбиелік мәні жоғары мәдени қойылымдардың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, Қазалы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған халық театры бұған дейін «Мұғалім» әлеуметтік драмасын көрермен назарына ұсынып, қазалылық көрерменнің зор қошеметіне бөленген болатын.

Қазалы ауданы қойылым.jpg

Тағы да оқыңыз: