Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектепке арнайы барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Бүгінде Достық көшесінің бойындағы білім ошағында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Аудан басшысы мердігер мекеме қызметкерлеріне сапасына мән беру қажет екенін және нысанның қатаң бақылауда болатынын ескертті. Сондай-ақ, адам санын көбейтіп, екі ауысыммен жұмыс жасауды тапсырды.
Өз кезегінде Ғазиз Әлмәмбетұлы да нысанның әрбір жұмысына ұқыптылықпен қарауды жүктеді. Мұнан соң аудан басшысы мен аудандық мәслихат төрағасы Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.
Ғимараттың іші-сыртындағы жұмыстарды толық аралап көрген Мұхтар Әуесұлы шатырын жабудағы кейбір кемшіліктерді атап өтті. Соған сәйкес мердігер мекеме мамандарына қатаң тапсырма беріп, назарда болатынын жеткізді.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, нысанды тамыз айының 20-сына дейін тапсыру керектігін ескертті.
Бозкөл ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтеруде
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бозкөл ауылына барып, жаңадан бой көтеріп жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты.
Мердігер мекеме – «Болашақ» ЖШС қызметкерлерімен кездескен аудан басшысы құрылысқа асқан жауапкершілікпен қарау қажет екенін айтып, жыл соңына дейін ел игілігіне беру қажет екенін ескертті.
Өз кезегінде ауыл ақсақалдары округте жүріп жатқан жұмысқа алғысын айтып, ендігі кезекте балабақша мәселесін шешіп беруді сұрады.
Мұхтар Әуесұлы тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілдердің кезең-кезеңдерімен шешім табатынын тілге тиек етті.
Айта кетейік, ауыл халқын қуанышқа кенелткен нысан үшін – 400 млн.теңгеге жуық қаржы қаралған.
Мұнан соң аудан басшысы аудандық маңыздағы «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысын көрді. Жауаптыларға тиісті тапсырмаларды жүктеп, жеделдетуді тапсырды.
Ауданда жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталды
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау жөнінде жиын өтті.
Жалпы, аудан көлемінде 165 әлеуметтік-мәдени нысан жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ал алдағы жылу маусымына 20,0 мың тонна қатты отын және 2,3 мың тонна сұйық отынға қажеттілік жоспарланып отыр.
Басқосуда аудан басшысы білім, мәдениет және спорт және денсаулық салалары бойынша жылу қазандықтарының дайындығын сұрады. Сондай-ақ, әрбір сала жылу беру маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, жауапты бөлім басшыларына жуық арада көмір тасымалдаушылармен кездесу ұйымдастыруды тапсырды.
Маңызды мәселелер жан-жақты талқыланғаннан кейін аудан әкімі аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент және тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Әдеп жөніндегі уәкілмен кезекті құқықтық оқыту өтті
Қазалы аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Ринад Тілептің төрағалығымен құқықтық оқыту өтті.
Басқосу барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы және оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірілді.
Ринад Ібайдуллаұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша жұмыстарды күшейту мен қызметкерлер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, аталған Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Әдеп жөніндегі уәкілдің қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде ай сайынғы түсіндіру және оқыту іс-шараларын өткізудің 2023 жылға арналған кестесіне сәйкес жиынға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Қаладағы жолдар жақсарып келеді
Жыл санап аудандағы жолдардың жағдайы жақсарып келеді. Оның ішінде Қазалы қаласындағы тұрғындар үшін жағымды жаңалықтар аз емес. Өйткені, биыл «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласындағы 15 көше асфальтталады.
Бұған дейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы жүріп жатқан құрылыстардың барлығы тікелей өзінің бақылауында болатынын айтқан еді. Соған сәйкес бүгін Қазалы қаласына арнайы барып, Жәкеев, Жанұзақов 2 және Қазалы 2 көшелеріндегі жолдың құрылысымен танысты.
Жауаптыларға бірінші кезекте жолдың сапасына қатты көңіл бөлу қажет екенін айтқан аудан басшысы тиянақты жұмыс жасап, уақытында аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа жұмысты ұдайы назарда ұстауды жүктеді.