Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысын аралап, нысандардағы жұмыстардың сапасы мен орындалу қарқынын бақылады.

Алдымен аудан басшысы аудандық маңызы бар «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымындағы Сырдария өзені арқылы өтетін Қарлан көпірінің құрылыс алаңында болды.

Қазіргі таңда нысанда көпірдің негізгі конструкциялық элементтерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 84 свай қағылып, 8 тіреудің барлығы толық орнатылған. 8 ригельдің 7-еуі дайындалып, қалған 1 ригельді орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 30 арнайы техника мен 80 жұмысшы еңбек етуде. Сонымен қатар көпірге кіреберіс автомобиль жолын асфальттау жұмыстары да басталып кетті.

Қазалы көпір құрылысы.jpg

Құрылыс барысын жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме «Нұрлы Тау ЛТД» ЖШС-нің өкілдерімен бірге талқылап, нысандағы жұмыстардың сапалы орындалуына және белгіленген мерзімнің сақталуына баса мән беруді тапсырды. Сонымен қатар құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Аудан басшысы Қожабақы ауылы маңындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолының 32,1 шақырымында орналасқан темірбетон көпірді қайта жаңғырту жұмыстарында көрді. Қазіргі уақытта мердігер «Гүлнұр МК» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа көпірдің ұзындығы – 21,6 метр, жүру бөлігінің ені – 7 метр. Құрылыс кезеңінде көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 403 метр айналма жол ұйымдастырылған.

Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарының жобалық талаптарға сәйкес сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және нысанды 10-ыншы қазанға дейін толық аяқтауды тапсырды.

Бұдан кейін Қазалы қаласындағы электр желілері мен қондырғыларын қайта жаңғырту жұмыстарының да барысын көрді.«Шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны 592,4 млн теңгені құрайды.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда. 2024 жылы бөлінген қаржыға сәйкес 185 дана темірбетон бағана орнатылып, 3 шақырым электр желісі жүргізілді. 2025 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржы толық игеріліп, 1052 дана темірбетон бағана, 30,5 шақырым электр желісі және 2 дана трансформатор орнатылды. Ал биыл жобаны толық аяқтау мақсатында бөлінген қаржыға сәйкес қазіргі таңда 9,8 шақырым электр желісін тарту, 4 дана трансформатор және 50 дана темірбетон бағана орнату жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімі аталған нысанда да атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылауда ұстап, электр желілерін жаңғырту жобасының белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуын тапсырды. 

Электр желілерін жаңғырту.jpg

Тағы да оқыңыз: