Kyzylorda-news.kz. Бұған дейін ауыз сумен толық қамтылған қалалықтар биылдан бастап көгілдір отынның игілігін көруде. Қазіргі таңда 1200-ге жуық жеке тұрғын газ желісін үйлеріне кіргізіп үлгерді. Олардың қатары күн санап артып келеді.
Қыс мезгілінде қытымыр аяз қысқанынан бөлек, кешкілік қою қараңғылық ерте түсетіндігі белгілі. Осы ретте мектептен қайтқан оқушылар мен өзге де тұрғындардың көше бойындағы қараңғылықтан қорқатындығы жасырын емес. Бүгінде қалада бұл мәселе шешімін тапты. Яғни, Қазалы қаласының 13 көшесін жарықтандыру жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа берілді.
Қалада жұмыспен қамту мәселесі, 2022 жылдың 11 айында мемлекеттік бағдарламалар бойынша Жастар тәжірибесіне 20 жас маман «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасына 6, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 3, «Күміс жас» жобасы бойынша 7 адам жұмысқа орналасса, уақытша қоғамдық жұмысқа 116 азамат орналасқан.
Кәсіпкерлік кеңінен қанат жайып келе жатқан Қазалы қаласында барлығы 687 кәсіпкер тіркелген. Жұмыс жасап тұрғаны 649. Оның ішінде 1 шаруа қожалық, 11 заңды тұлға, 56 сауда нысандары, 21 такси, 5 жолаушылар көлігі халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қаланың 555 тұрғыны аудан орталығында және орталық базарда түрлі кәсіппен айналысады. 2022 жылдың 11 айына 307 кәсіпкер тіркелген. Жалпы, кәсіпкерлік саласында 649 адам жұмыспен қамтылған.
Әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған емес. Қазалы қаласы бойынша 16 отбасынан 95 адамға 2077,1 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған және тұрғын үй жәрдемақысына өтініш түспеген. Сонымен қатар, қаладағы 93 тұрмысы төмен, жалғызбасты және мүгедек азаматтарға барлығы 1 миллион 9 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Қазалы қаласындағы белсенді жастардың ұйытқы болуымен әлеуметтік дүкеннің жұмысы ашылды, Әлеуметтік дүкендегі киім-кешек, тұрмыстық заттардың барлығы тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға, көпбалалы отбасыларға, әке-шешесінен айырылған балаларға таратылып келеді. Қазалы қаласында орналасқан ескі Ғанибай мешіті аталып кеткен көне кітапхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала жастарының пайдалануына берілді. Ғимаратта жастардың бос уақыттарын үнемді пайдалану мақсатында үстел тенисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд үстелдері кәсіпкерлердің қолдауымен орналастырылған.
«Көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да қарқынды атқарылуда. Үстіміздегі жылдың 2 сәуірде «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында жалпыхалықтық ағаш егу шарасын өткізу мақсатында Қазалы қаласынан Ақтан батыр ауылына шыға беріс жолының жиегінен ашылған көлемі 0,750 гектар жер учаскесіндегі «Жасыл белдеуге», мекеме аулаларына және көшелердің бойынақаладағы мекеме, кәсіпорындармен бірлесіп 700 дана тал көшеттері мен қаламшалар отырғызылды. Бұған қоса алдағы уақытта көше бойындағы түнгі жарықшам бағаналарын, бағдаршам тұғырларын, алаңдар мен саябақтардың темір қоршауларын, орындықтарын және аялдамаларды сырлау, тал ағаштарының түптері мен жол жиегіндегі бордюрлерді ақтау жұмыстары жүргізілген. 2022 жылы Сырдария өзеніне аз көлемде су жиналу салдарынан аймағымызда су тапшылығы орын алуына қарамастан қаржының көлеміне қарай бекітілген кестеге сәйкес аяқ су уақытылы берілді. Қаланың батыс жақ беткейіндегі насос ескі болғандықтан өткен жылы қиындықтар туындаған болатын. Осыған орай,Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына өткен жылы 1 дана жаңа СНП-500/10 маркалы насосқа ұсыныс беріліп, басқармадан жаңа насос пайдалануға берілді», – дейді қала әкімі.
Сонымен қатар қала әкімі алдағы уақытта атқарылатын міндеттерден де құлағдар етті. Айтуынша, Қазалы қаласы, М.Ерлепесов көшесі бойындағы ашық алаңда орналасқан шағын спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіледі. Қазалы қаласының екі бөлігінен шағын футбол алаңының құрылысын салуға қаржы бөлдіруге жұмыстар атқарылмақ. Қазалы қаласының көшелеріне электр желілерін реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін күш салатындығында жеткізді.
Қазалы қаласындағы Үрмәш Түктібаев көшесі бойынан жабық спорт кешенін салу да жұмыс жоспарының ішіне кіретіндігін нақтылады. Автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жобасының құжаттарын әзірлеуде алдағы міндеттер қатарында. Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын қала көлемінде жүзеге асыруға ықпал жасауды басты мақсат еткен.
Мемлекеттік бағдарламаларға тұрғындарды қатыстыруға жұмыс жасау мен Қазалы қаласы бойынша салық базасын ұлғайту мақсатында жеке кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын жүргізу, жұмыссыздық деңгейін төмендету күн тәртібінен түспейтін талаптардың бірі.