Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев бекітілген кестеге сәйкес Қазалы қаласының тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мұхтар Әуесұлы әдеттегідей алдымен ауданда жыл басынан бастап атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Биылғы жылы тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласында іргелі істер атқарылып, халықтың игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, жақында ғана Қазалы қаласы көгілдір отынға қосылды. Ендігі жерде қала тұрғындары «от жағып, күл шығару» машақатынан құтылады.
Биыл апаттық жағдайдағы тұрған «Өрімтал» балабақшасы жаңа ғимаратқа көшеді. Қазіргі таңда қала аумағынан 140 орындық балабақшаның құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы көше бойынан спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Одан бөлек, спорт кешенін салу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары дайындалды. Қазіргі таңда құжаттар сараптама қарауына ұсынылған.
Қала аумағында электр желілерін жөндеп, жарықтандыру бағытында да ауқымды жұмыстар бар. Бұл үшін «Шағын қалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» жобасы аясында қомақты қаржы бөлінді. Жоба бойынша 16,6 шақырым электр желісі мен 4 дана трансформатор орнатылатын болады.
Ең бастысы 10 көшені қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталатын болады. Өткен жылдан қалған кемшіліктерді қалыпқа келтіру үшін бюджеттен қаржы қаралды. Ал, жұмысты аяқсыз қалдырған мердігер мекеме соттың шешімімен «жозықсыз мекеме» деп танылды.
2023 жылға 52 елдімекенішілік көшелерді жөндеу үшін жоба-сматалық құжаттары дайындалып, құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға тапсырылды. Оның ішінде Қазалы қаласы бойынша жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын көшені қайта жаңғырту жобасы ұсынылды.
Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде тұрғындар өздерінің мұң-мұқтаждарын аудан басшысының назарына ұсынды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Исмайлов қала аумағында атқарылған тірліктердің ауқымды екенін айтып, барша тұрғындардың атынан алғысын жеткізді.Сондай-ақ, басқосуда балалар ойын алаңын салу, орталық саябақты жөндеу, аяқ су тапшылығы сияқты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.
Кездесуде аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтындығын, қажетті шаралар бірлесіп атқарылатындығын жеткізді. Айтылған ұсыныстарға байланысты жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Басқосуда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екенін тілге тиек етіп, елді ауызбіршілікке шақырды.
Кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық мәслихат депутаттары Әбдуали Рахметов, Ғазиз Әліш, Төребек Игіліков, Ерболат Мұқаш, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.Кездесуден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жеке қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдап, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады.
