Kyzylorda-news.kz. Бүгінде ауданда еңбек етіп, жұртқа алақан жаймай, өз күнімді күнелтемін деушілер қатары жыл сайын артуда. Мұндай кәсіпке ұмтылған жандардың саны өсе берсе, қазалылықтардың әл-ауқаты жақсарады деген сөз. Соның арқасында Әйтеке би кентінің орталығында түрлі нысандар жаңадан бой көтеріп, сауда, қолөнер, кондитерлік өнім әзірлеу ісі дамып келеді. 

Мемлекеттік грант негізінде қайтарымсыз қаражат алған қазалылықтар бүгінде өз істерін дөңгелетіп, жан-жағына алаңдамай, нәпақасын тауып отыр. Мал шаруашылығына қызығушылық танытқандар да бар.

Солардың қатарында он саусағынан өнері тамған ұста, жаңадан ісін ашқан Айбосын Төлемісұлы өтеусіз қаржының арқасында темір бұйымдарын жасайтын шеберхананы қолға алды. Шағын және орта бизнесті дамыту аясында беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың, жұмыссыз жандарға, әсіресе қолынан өнері тамған, бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болғандарға пайдасы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары беріліп жатқан қайтарымсыз грант талай азаматтың шабытын шыңдады. Соның арқасында қаншама жұмыссыз жандар жеке кәсібін өркендетіп, бала-шағасын асырап келеді. 

"Әрекетке – берекет" демекші, туған топырақтың түлеуіне аянбай атсалысып келе жатқан азамат, 44 жастағы Айбосын әу бастан электрмен дәнекерлеуге ебі бар, темірден түйін түйіп, бұйым жасауға бейім жігіт болды. Шамасының келгенінше, той-жиындарға арналған безендіру бұйымдары мен темір есіктер жасап жүрген. Дегенмен, кәсібін одан әрі дөңгелеткісі келсе де, ірі бұйымдар дайындауға қажетті құрал-жабдықтарға қолы жетпеді. Осылайша, мемлекеттен қайтарымсыз ақша беріліп жатқаны туралы ақпараттанады. Ол қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізіп, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 583400 теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізеді. Бұл күні кәсібін жаппай жалғастырып отыр. Алайда, жаңа құрал-сайман алып, цех ашып, көмекші алып, шәкірт тәрбиелеймін деген арманына әлі жете қоймапты. Дей тұрғанмен, барға қанағат тұтып, халыққа қызметін ұсынуда.

"Алған қаржыма темірден түйін түюге қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Өткен жылы жұмысымды бастап кеттім. Бүгінде ауламда тұрғындардан түскен тапсырысты орындаудамын. Кез келген тұтынушы тапсырысын заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектермен безендіріп есік жасап, орнатамын. Терезе сыртына темір тор, есік алдына темірден қоршау, сәкі және тағы басқа да өнімдерді өндіремін. Тапсырыс берушінің қалауынша қажетті материалынан қалауынша талғамына орай бұйымды кез келген дизайнда әзірлеймін. Мұндай бағдарламаның тиімділігі мол. Қаражат қол байлау болғандарға жанына жақын ісін ашуға мүмкіндік береді", – дейді Айбосын Орынбаев.

Бір сөзбен айтқанда, қазір ауылдың үлкен-кішісі бұл кісінің шеберлігіне дән риза. Барлық тұтынушының көңілін таба біледі, әрі талғамын дөп басады. Ісі мығым, орындаған қызметі сапалы болғандығы үшін аға буын әркез алғаусыз алғысын айтудан жалықпайды. Біз де өз тарапымыздан кәсібіне береке тіледік.

Тағы да оқыңыз: