Kyzylorda-news.kz. Мамыр айының 26-27-сі күндері Кәукей ауылында «Ауыл күні» атап өтілді. Кәукей ауылы күнінің шығу тарихына үңілер болсақ 2011 жылы Кәукей ауылында «Жанқожа баба» атындағы мешіт үйі ашылған болатын. 27 мамыр күні өткізілген мешіттің ашылу салтанатына сыртта жүрген ауыл азаматтары, ауыл түлектері жиналды. Сонымен қатар дәстүр бойынша 25 мамырда ауылдағы №225 мектеп түлектері 10, 20, 30 жылдық кездесуге жиналатыны белгілі. Сонымен ауыл азаматтары, оның ішінде ерекше айта кету керек 1963 жылы дүниеге келген түлектер Сабыров Бақыт ағамыздың бастамасымен осы мешіт ашылған күнді (27 мамыр) «Кәукей ауылы күні» деп белгілеп, сол күні ауылға жиналуды ұсынған болатын. Ең алғаш болып «Кәукей ауылы күнін» осы 1963 жылғы (мүшел жас иелері) ұйымдастырып, өз дәрежесінде өтуіне басшылық жасады. Сол дәстүр бойынша ауыл күнін 49 мүшел жас иелері өткізіп келеді. 

Осы игі дәстүр жақсы жалғасын тауып, көрші ауылдарға да «Ауыл күнін» мерекелеуге мұрындық болды десек артық айтқандық емес.
Сонымен биылғы «Ауыл күні» екі күн тойланды. 26 мамыр күні өткізілген шараларды айтқан болатынбыз. 27 мамыр күнгі шаралар қазақ күресінен жасөспірімдер арасында №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігінен басталды. Сонымен бір мезгілде ауыл саябағында «Кәукейімнің келіндері-ай» тақырыбында ауыл көшелері арасында келіндер сайысы бастау алды. Кәукей ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Сексенбаева және Кәукей ауылдық клубы ұйымдастырған шара жоғары деңгейде өтті. Әр көше бір киіз үйден тігіп, қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойды. Ауылдың орталық саябағы этно ауылға айналды десек артық айтқандық емес. Сөз реті келгенде келіндер сайысына демеушілік жасаған кәсіпкер Тайлақбаева Венера ханымға рахмет айтамыз. Кәсіпкер келіндер сайысының жеңімпазына (Бас жүлде) 100 мың теңге қаржылай марапат, 1 орынға - 70 мың, 2 орын алған келінге – 50 мың, 3 орынға – 30 мың және тағы номинацияларға 10 мың теңгеден жүлде тікті. 

1974 жылғы қыз-жігіттер ұйымдастырған ас беру ауылдық «Жанқожа баба» мешітінің асханасында өткізілді. Ас беріліп, құран бағышталған соң 1974 жылғы қыз-жігіттердің ауылымызға тартуы - ауылға кіре беріс арканың ашылу салтанаты өтті. Ауыл ақсақалдары ұйымшыл ұйымға баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.

Одан соң ардагерлер арасында пневматикалық мылтық ату сайысына кезек берілді. Сайыс жеңімпазы болып Арыстанбай ақсақал танылды. Жүлдегерлер демеушілер дайындаған қаржылай марапаттарға ие болды.

Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткізілген аудандық турнир сағат 16:00 де мәресіне жетті. Жүлдегерлер демеушілер тағайындаған марапаттармен марапатталды. Жүлде саны бойынша командалық есепте №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 1-орын, Қазалы қаласы 2-орын, Кәукей ауылы 3-орын алды.

Одан соң кезек қазақ күресінен ауыл жастары арасында «Кәукей барысы» турниріне кезек берілді. Турнирге ауыл азаматы Қалымбетов Болат ағамыз әкесі, ауылымыздың құрметті азаматы Қалымбетов Батырхан аға атына жүлде тігіп, демеушілік жасаған болатын. Болат ағамызға үлкен рахметімізді айтамыз. Алыптар айқасында палуан Кенжебаев Райсбек қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды. 2023 жылдың «Кәукей барысы» атанған палуан арнайы жасалған белдікпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлдегерлер де демеуші тағайындаған сыйлықтарға ие болды.

Спорт жарыстары одан әрі қол күресі, арқан тартыспен жалғасын тапты. Бабы мен бағы қатар шапқан жеңімпаздар қаржылай марапаттарға ие болды. 

Шара соңы жүлдегерлерді марапаттаумен жалғасып, гала концертке ұласты. 

Осылайша ауыл күні өз мәресіне жетті. Шараның өтуіне атсалысқан, демеушілік жасаған барша азаматтарға алғыс білдіреміз! 1974 жылғы қыз-жігіттерге, кіреберіс арка жанына арыстан бейнесін орнатқан 1996 жылғы азаматтар мен азаматшаларға, ауыл мешітіне жаңа қоршау жасап берген 1986 жылы дүниеге келген ауыл түлектеріне ерекше рахметімізді айтамыз.

Тағы да оқыңыз: