Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудандық сотында баспасөз мәслихаты өтті. Жиында 2023 жылдың I жартыжылдығында сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарған жұмыстар жайы айтылды.
Ақ пен қараны ажыратып, әділдікті ту етер орында атқарылар істе ауқымды. Қоғам болған соң түрлі мәселелер туындап, дау-дамайлардың орын алары сөзсіз. Бұнда бас сұғатындардың барлығы дерлік заң шеңберінде қолдау іздеп, құқығым тапталмаса екен дейді. Бұл ретте арызданушылардың жан-айқайына құлақ түріп, таразы басына салатын сот саласындағы жауапты қызметкерлердің мойнына артылар жүк жеңіл емес.
Баспасөз мәслихатында аудандық сот төрағасы Дәурен Әбдіқалықов былай деп мәлімдеді.
«Аудандық соттың өндірісіне 2023 жылдың І жартыжылдығында барлығы 60 адамға қатысты 43 іс келіп түскен. 2022 жылдан 6 адамға қатысты 6 қылмыстық іс қалдықта қалдырылған. Осы мерзімде екі адамға қатысты екі іс біріктірілген, 47 адамға қатысты 41 іс қаралып аяқталған. Оның ішінде 21 іс бойынша 23 адамға айыптау үкімі қабылданса, 3 адамға ақтау үкімі қабылданған. 15 іс бойынша 19 адам қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс өндірістен тоқтатылған, 2 адамға қатысты 2 іс соттылығы бойынша жолданған, келесі тоқсанға 19 адамға қатысты 6 іс қалдыққа қалдырылған. Бір қылмыстық іс бойынша 1 жеке қаулы қабылданған».
Сот төрағасының айтуынша, осы жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық санатында қылмыстық істер қаралмаған. Есірткі айналымына қатысты 5 сотталушыға айыптау үкімі қабылданған. Әйелдерге қатысты 4 іс бойынша айыптау, 3 адамға қатысты ақтау үкімі қабылданған. Медиаторлардың қатысуымен 5 іс қаралып аяқталған. Бұл мерзімде барлық қаралып, аяқталған 41 қылмыстық істің 10-ы, яғни 24,3 пайызы қысқартылған тәртіппен қаралған. Электронды түрде 32 қылмыстық іс түсіп, оның 33-і қаралып, 4-і келесі тоқсанға қалдық қалған. Бұл мерзімде барлығы 23 сотталғанның 6-на, яғни 26 пайыз бас бостандығынан айыру, 15-не, яғни 65 пайыз бас бостандығынан тыс жаза тағайындалған.
Бас бостандығынан айырылған 6 сотталғанның 4-еуі ауыр санаттағы, 1-і ауырлығы орта санаттағы,1-і онша ауыр емес санаттағы қылмыстық әрекеттері үшін сотталған.
Әкімшілік істер бойынша 2023 жылдың 1-ші жартыжылдығында 2 талап қою түскен. Олар кент әкімінің жер бөлу туралы шешімінің күшін жою туралы және Мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтін уақытша қойылған жол белгілерін алып тастау туралы. Түскен талап қоюлар бойынша 1 арыз кері қайтарылса, 1 іс медиация арқылы тоқтатылған.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынш жыл басынан бастап 365 іс түсіп, өткен жылдан қалдықта 2 іс қалған. Осы мерзімде 350 іс 350 адамға қаралып, оның ішінде 7 іс ведомостволық бағыныстылығы бойынша жолданған, 284 іс бойынша 284 адамға әкімшілік жаза қолдану жөнінде қаулы қабылданған, оның ішінде 15 адамға ескерту беріліп, 200 адамға айыппұл салынса, 66 адам әкімшілік қамаққа алынып, 35 адам көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған. 60 іс бойынша 60 адам әкімшілік жауаптылықтан босатылып, іс өндірістен тоқтатылған. Өткен жылы бұл мерзімде 378 іс түсіп, өткен жылдан қалдықта қалмаған. Осы мерзімде 366 іс 366 адамға қаралып,оның ішінде 2 іс соттылығы бойынша, 1 іс ведомостволық бағыныстылығы бойынша жолданған, 296 іс бойынша 296 адамға әкімшілік жаза қолдану жөнінде қаулы қабылданған, оның ішінде 27 адамға ескерту беріліп, 196 адамға айыппұл салынса, 69 адам әкімшілік қамаққа алынып, 31 адам көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған. 62 іс бойынша 62 адам әкімшілік жауаптылықтан босатылып, іс өндірістен тоқтатылған, – деп цифрларды сөйлеткен сот төрағасы: «Біз үшін әділдіктен асқан абырой жоқ», – деп сөзін қорытындылады.
