Kyzylorda-news.kz. Бірлік ауылы Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінен 35 шақырым қашықтықта, Сырдария өзеніндегі «Қарлаң» қалқымалы көпірінен өткеннен кейін сол жағалауды ала орналасқан елді мекен.

Ауыл орталығы тоғыз жолдың торабы болып есептелінеді, себебі Кәукей, Бөзкөл және Қожабақы ауылдары аудан орталығы мен Қазалы қаласына бару үшін, осы ауылдың үстінен жүреді.

1928 жылдың маусым айында жаңадан құрылған Қазалы ауданы партия ұйымының тұңғыш хатшысы Меңдияров ауданның барлық елді мекендерін аралайды.Осы ауылдарды аралаған уақытында «Қызыл әскер» және Бірлік ауылдарында болып «Қосшылар Одағын» құрады. 

«Қосшылар Одағына» төраға етіп, өзі жас, әрі сауатты Бекетаев Жармаханды бекітеді. 1931 жылы аудан бойынша 29 колхоз құрылғанымен «Қызыл әскер» және «Бірлік» ауылдарында колхоз құрылмайды. Себеп, Республикада болған қолдан жасалған ашаршылық еді. Осы ашаршылық жылдары халықтың көбісі тіршілік үшін Өзбекстан, Қарақалпақстан республикаларына және Арал теңізі жағасына көшті. Елде қалған тұрғындарды Бекетаев Жармахан қолдан ау тоқытып, дариядан балық аулауға, базардан мылтық алып беріп, құс атуға, жер жыртып егін егуге және мал басын көбейтуге ұйымдастырып, аштықтан аман алып қалудың қамын жасады. 

1934 жылдың көктемінде аштықтың беті қайтып, жер-жерге көшіп кеткен азаматтар туған жерге оралып, халық жаңа үкімет талабына сай еңбек ете бастады. Ел өміріндегі өзгерістерге сәйкес осы жылы «Бірлік» колхоз болып ұйымдасып, жиналыстың қаулысымен басқарма төрағалығына Бекетаев Жармахан сайланды.

Ауылдың бас көтерер азаматтарын жинап, басқарма мүшелерін сайлайды. Басқарма мүшелері болып Елкеев Мыса, Азанәлиев Қаржаубай, Досетов Жәли, Ахметов Мұратбай, Құлжанов Сердалы және Баймұратов Жамаш сайланады. Сайланған басқарма мүшелері әр саланың басшылары болып бекітіледі. Жақсы ұйымдастырылған жұмыстың арқасында үкімет пен партияның берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындап отырды. Осы жылы №10 шы «Қарлаң» ауылдық кеңесі ашылып, төраға болып Қуатбаев Бердібай Жарасұлы, хатшылығына Ізімбетов Ілияс бекітілді. Бекетаев Жармахан колхозды 1945 жылға дейін басқарды.

Сырдария өзенінің сол жағалауындағы колхоздардың егінін егіп-жинауға және шөбін шауып-тасуы үшін Бірлік ауылы орталығынан 1935 жылы машина трактор станциясы /МТС/ ашылды. Алғашқы басшысы болып Алдоңғаров Данияр тағайындалды.

1935 жылдың қысында МТС-ке ХТЗ тракторының екеуі келіп, содан кейін техника көбейеді. Маусымдық жұмыстар аяқталған соң техникаларды МТС шеберханасына әкеліп, жөндеп отырды. МТС-ті Қосаев Бегімбай кейін Өтепбергенов Қожали басқарды.

Ұлы Отан соғысы жылдары МТС жанында аумақтық «Политотдел» мекемесі құрылып, бұл мекеме саяси жұмыстармен айналысқан. Партия хатшылары болып, Назмаханов Нағымар, Мәженов Шамша деген азаматтар жетекшілік жасады. Сол жылдары МТС жанын «Промкомбинат» малшыларға арнап қараша үй, соғыстағы жауынгерлерге арнап байпақ басып, киім тікті және ет дайындады.

Наубайхана жұмыс істеп, тұрғындарды нанмен қамтамасыз етіп отырды. Кірпіш цехы, күйдірілген кірпіш шығарды.Осы жұмыстардың әр саласында; мал жөнін Нұралиев Шәкет, Жұбатханов Ибадулла, егін, техника жағын Саймаханов Ілияс, Ахметов Мұратбай, Күншығаров Нәшше және Төлегенов Яхия басқарды.

Ауыл тұрғындары Бақыт Әлшіоразов, Әбдіраман Әлібеков, Алдахияр Мамытов, Аралбай Бохаев, Жанұзақ Пішенбаев, Шалабай Наурызбаев, Жәйкен Кулов, Зәуре Сарманова, Зәкір Күнжарықов, Айзада Тілеубаева, Рахат Тілеубаев, Көпжасар Бекназаров, Есетов Рахи және басқалары соғыс жылдары департация арқылы көшіріліп келген неміс, шешен, кәріс, қалмақ тағы басқа ұлттардың өкілдерімен тату тәтті өмір сүріп, МТС  мекемесінің әр саласында аянбай жұмыс атқарды.

МТС жанына трактористік мамандыққа оқытатын курс ашылып, Жұбатқанқызы Зұлфия оқушыларға дәріс берді. Ауылдың қыз келіншектері Ахметова Күләй, Ізтілеуова Жақсыбике, Рамазанова Қағаз және көрші колхоздардан осы дәрісханадан трактористік мамандық алып, колхозда еңбек еткен.

1957 жылы МТС тарап, РТС болып қайта құрылып,басшылығына Саймаханов Ілияс тағайындалды. Ауылшаруашылығы мамандары мен қызметкерлері жалақыларын  РТС мекемесінен алып тұрды.

1959 жылы Бірлік ауылында «Откорм» совхозы құрылып Рысмамбетов Нұрман директор болып тағайындалды.

1960 жылдан совхозды Нұралиев Шәкет, 1963-1970 жылдары аралығында Сұлтанмұратов Сәйдім, 1970-1972 жылдары орыс жігіті Озернов Николай Степанович басқарды. 

Осы жылдары қазіргі уақыттағы зейнеткер, ауыл ақсақалы Баймұратов Қошқар партия ұйымының  хатшысы болды.
1972 жылы Откорм совхозы тарап, мал дайындайтын мекеме болып, /загатскот/ қайта құрылып, Тұрсымұратов Жалғас директорлыққа тағайындалды.   

Кеңсесі Қазалы қаласында болғанымен қызметкерлері мен алды. 1977 жылы жұмысшылары «Бірлік» ауылы тұрғындарынан құрлы бұл мекеме Қазалы аудандық мал өсіру, бордақылау және дайындау бірлестігі /мамандандырылған бірлестік/ болып қайта құрылып, Қартақов Тәжікен директор болды. 

Сол кезде ауыл көлемінде үлкен құрылыстар, 4000 бас малға мал бордақылау алаңы, Сайман учаскесінен 500 басқа қора жай, ауыл орталығынан монша және жұмысшы қызметкерлерге тұрғын үйлер пайдалануға берілді.

1982 жылдан бірлестікті мал шаруашылығы маманы Жолмырзаев Қоламсақ басқарып тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге көп үлесін қосты.

Бордақылау алаңындағы ірі қара малы 5000 басқа жеткізілді. Күндік қосымша салмақ әрбір бас ірі қара малына 400-500 граммды қосып мал басының тірілей салмағы 350 килограммды құрады.

Екі қабатты кеңсе үйі, сауда орталығы 90 орындық бала бақша, материалдық қоймалар және кең әрі жарық тұрғын үйлер жұмысшы қызметкерлерге пайдалануға берілді. Сонымен бірге, 5 гектар алма бағы, көшелерге жол салынып тас төселді. Осы жылдары бағымдағы малға арналып 500 гектарға дейін сүрлемдік және дәндік жүгері, 1000 гектарға дейін жоңышқа, арпа, бидай дақылдары егіліп, күтілді.
Қоламсақ Жолмырзаев басқарған жылдары 531 гектар ауыспалы егіс танабы пайдалануға берілді. Соның 20 гектарға дейін бақша, көкөніс егілді.

1987 жылы Аязбаев Жаппасбай бақшадан гектарына 300 центнерден өнім алып, облыс чемпионы аталды. Осы жылдары Күрленов Д, Аралбаев Ж, Қосбармақов Ә, Омаров С, Бұхарбаев К, Жазықбаев Ж, Қожабергенов Т, Қартабаев Қ, Махамбетов О, сияқты мамандармен қатар Сәденов Ә, Дәулетбаев Шынболат және Шынтемір, Есетов А, Алданазаров Д, Разахов О, Бақытов М, Ләпенов С, Көпжасаров Тұрсынбай, Асанов Б, Әлжанов Ә, Ақжолов Т, Төлегенов О, Сарманов Қ, Қожабергенов Е және басқа азаматтар ауылдың ахуалын жақсарту мақсатында  аянбай еңбек етті.

1993-1995 жылдары бірлестікті Ерқанатов Бек, 1995-1998 жылдары «Бірлік» акционерлік қоғамын ауыл түлегі мал маманы Мұратбаев Чекалин басқарып, күріш дақылын егуге ауысты. Көрші совхоздардан жатка, комбайн техникалары алынды.

1996 жылы 460 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 51 центнерден өнім алынды. «Бірлік» акционерлік қоғамы ұжымы және егіс бригадирі Үргенішбай Н, сушы Мінәжатов Б, комбайнер Асанов Б аудан жеңімпаздары болды. Мол өнім алуға егіс маманы Мәли Есенкелді басқарып келеді.

Ауыспалы егіс танабының ротациялық кестесі сақталып, жылына 300-350 гектар күріш, 120-150 гектар жоңышқаға күтім жасаланып жүр. Жыл сайын тегістелмеген жерден егіске 40-50 гектар жер қосылып тұр. Көне Қарлаң, Бірлік , Нарман каналдары арқылы егілген егіс сумен қамтамасыз етіледі. Шаруашылық ірі қара малы мен қой малын бағып күтіп өз төлі арқылы көбейтуде. Лизингілік әдіспен жаңа Енисей комбайндары, Т-150 және МТЗ-80 тракторлары сатылып алынды.

Шеңгелді және Бірлік колхоздары бірігіп «Қарлаң» ауылдық кеңесі 1934 жылы құрылып, ауылдық кеңес төрағалығына Құтбаев Бердібай, хатшылығына Ізімбетов Ілияс сайланды. 

1940 жылы Ахметов Сәрсен ауылдық кеңес төрағасы болды. 

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып ауылдың ер азаматтары соғысқа аттанды. «Бірлік» ауылынан Ұлы Отан соғысына 53 азамат аттанып, содан 19 азамат қайтып оралмаған. Соғыс жылдары департациямен жер ауып әкелінген басқа ұлт өкілдерін ауылдық кеңес ұжымы ауылдағы үйлердің тұрғындарымен келісіліп, орналастырылған.

1944-46 жылдары ауылдық кеңесті Елкеев Темірбай, хатшысы соғыс ардагері Ізмағамбетов Пірімжар, 1946 жылы Жұматов Матай төраға болып, 1954 жылы «Қарлаң» ауылдық кеңесі тарағанға дейін қызмет атқарған.

51 жылдан кейін Бірлік ауылы «Аранды» ауылдық округінен бөлініп, өз алдына «Бірлік  ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Ауыл әкімі болып халық ұсынысымен ауыл түлегі Үргенішбай Нәби Мәлиұлы тағайындалды.
Қазір ауылдық округі әкімшілігі ауыл көлеміндегі мекемелердің жұмыстарын үйлестірумен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыру және саяси ахуалын жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізуде. Колхоз құрылғаннан кейін әр жерде отырған 4-5 үйлік ауылдар колхоз орталығы «Бірлік» ауылына шоғырланды. Адам саны көбейді.ендігі мәселе сауатсыздықты жою үшін мектеп жасына жеткен балаларды түгелдей оқуға тарту.

1935 жылы Жиенбай деген кісінің үйінде мектеп ашылып, 1920-1929 жылдары туылған балалар осы мектепте оқып 4 кластық дәріс алды. Мектептің алғашқы мұғалімі Жаманбаев Тәутен деген кісі болды.

1938 жылы Бекетаев Жармаханның ұйымдастыруымен 10 жылдық мектеп үйі салынып, сол жылы ашылған. Бірақ оқушы санының жетіспеуінен 10 класс орнына 7 кластық  білім берді. Сол жылдары мектепте Жұматов Матай директор болды.

1942 жылдары мектепті Жолмағамбетов Піржан басқарды. Бірлік ауылының мектебін көп жыл бойына Ұлманов Әбнәби басқарды. Одан кейінгі жылдары Өтеев Нұралы, Нұралиев Байзақ, Қалжанов Әлжан, Мұртташев Іният, Мұстафаева Маржанкүл, Баймаханов Құрманбай, Омаров Файзулла, Сахиев Қуантқан, Алдадосов Жандаулет, Кемалов Жарек басқарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін мектепті жас басшылар; Жәдиев Шынтас, Бақбергенов Сүлеймен, Сағидуллаев Ғабит басқарса 2003 жылдан Мусабаева Бағдагүл басқарып келеді.
Мектеп мұғалімдері оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беруде аудан мектептерінің алдыңғы сапында. Себебі 2002 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық тест тапсыруға жылына 4-5 түлек республиканың жоғарғы оқу орындарына грант жүйесі арқылы оқуға түсуде. Зейнеткер, ұстаздардың ұстазы Қартабаева Қуандық өзінен кейінгі әріптестеріне жас жеткіншектерді тәрбиелеумен оқытудағы мол тәжірибесінен ақыл кеңесін берді.Ұлы Отан соғысы жылдары МТС жанынан бала бақша ашылып, меңгерушісі Мұхамедамина Фатима болып, МТС пен колхоз бөлінген уақытта колхоздың бала бақшасына меңгеруші Жұбатқанқызы Зұлфия болды.

1982-1995 жылдары Бірлік ауылында бала бақша үйінің меңгерушісі Даниярова Әлимаш, 1995-1997 жылдары Ешімова Айымкүл қызмет етті. Осы жылдары балабақшада 90 балаға дейін тәрбиеленді. Балаларға күтім жасауда Бақытова Базарайкүл, Асанова Дариха, Жылгелдиева Күлпаш, Төлегенова Разия аспазшылар Даниярова Қарашық, Әбілезова Райса, Разахова Зейнегүл, Әбибуллаева Қарлыға және тағы басқалары жас жеткіншектерге тәлім тәрбиелерін берді.

Денсаулық сақшылары

Бірлік ауылы тарихында ауыл халқының денсаулығын қадағалауға фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, алғашқы меңгерушісі  Мұхаммедамина Фатима атқарды. Бұл кісі осы қызметімен қатар МТС бала бақшасының меңгерушілігін қоса істеді. Бұдан кейінгі жылдары кәріс қызы Ким Ольга Яковлевна, Жайбергенова Дина, Керімбердиев Орынша, Бұхарбаева Гүлшара, Медетов Совет қызмет атқарса, 1985 жылдан бері ауыл түлегі Бақытова Рая бастаған ақ халатты абзал жандар халыққа қызмет жасап келеді.

Мәдениеті өрісті

1937 жылы Көшпелі «Қызыл мүйіс» үйі құрылып меңгерушісі Ізбақышев Алмағамбет, кітапханашы Байтілеуов Сақтаған еңбек етсе, ауыл орталығындағы кітапханада 1952-1984 жылдары 32 жылдай Кәрібаева Мәрия кітапханашы болды.

1986-2002 жылдары Кемалова Сағира 2002-2006 жылдары Бисембаева Әсемкүл қызмет атқарса, қазір жас маман Иззатова Гүлсінай кітап оқырмандарымен ортақ тіл табысып жұмыс жасайды. Кітапханада қазір 10000 данадай кітап қоры бар.

Клуб үйі 1963 жылы салынды. Клуб меңгерушілері болып, Рахатова Шамшырақ, Самединова Ақсұлу, Оспанова Гүлбағыш, Есетов Ақжан, Ізтілеуов Бектұрған атқарса,  1995 жылдан бері жас маман ауыл түлегі Оспанова Таня басқарған ұжым жоспардағы іс-шаралар мен мерекелерді өз дәрежесінде ауыл жастарымен бірлесе отырып өткізеді.

Байланысы жүйелі почта саласы

Почта және байланыс бөлімшесі колхоз болып ұйымдасқан уақыттан жұмыс істеп келеді. Аудан орталығына берілетін ақпарлар мен деректер және сырттан келетін хат-хабар осы бөлімше арқылы атқарылып отырды. Ауыл орталығындағы почта бөлімшесін көп жыл Жұмағамбетов Шыныбай басқарды. Байланыс монтері қызметін Ұлы Отан соғысы ардагері Сүндетов Жұма атқарды.

1964-1965 жылдары Бердібаев Төлепберген, 1966-1968 жылдары Піралиев Қожаберген, 1969-1971 жылдары Жұматов Диханбай, 1972-1974 жылдары Оспанова Гүлбағыш ал 1974 жылдың аяғынан 1994 жылға дейінгі уақытта Баймұратов Қошқар меңгеруші болып атқарды. Телефон байланысы саласында Ермағамбетов Балғазы 1981 жылдан 1994 жылға дейін жұмыс істеп, өмірінің соңына дейін почта бөлімшесі бастығы қызметін атқарды.

1994 жылдан телефон байланысында Әбдіров Боранбай, почта бөлімшесінде Күрленов Темірбек жұмыс жасап, халыққа қызметтерін көрсетті.

Саудасы келіскен кәсіпкерлер

Халықты азық түлікпен қамтамасыз ету және жоғарғы дәрежеде сауда мәдениетін көрсеіп қызмет жасауда «Қожабақы» селолық жұмысшылар кооперациясы мекемесіне қарасты Бірлік ауылы дүкеншілері аянбай еңбек етті. Олар: Жаманбаев Сәду, Науашев Домақ, Бохаева Фатима және Ешімова Айзада.

Қазір нарықтық уақытқа байланысты осы жұмыстарды ауыл кәсіпкерлері өз жанұясы жағдайын жақсартумен қатар, мемлекетіміздің қаржы жүйесінің толығуына да өз үлестерін қосып келеді. Сауда саласында: Көпжасаров Түркістан, Қойайдарова Бибігүл, Жұбатқанова Сара.

Жолаушылар тасымалдауда: Сарман Қуаныш, Құтжанов Бөкенбай, Жакешов Палуан. Жеке малдарды емдеуші Мұратбаев Мұхтар өз еңбектерімен халық ықыласына бөленуде.

Жұмысты үйлестірген қоғамдық ұйымдар

Бірлік ауылдық округі әкімдігі жанында қоғамдық ұйымдар құрылған, олар; ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Бердібаев Төлепберген, әйелдер кеңесі төрайымы Бисембаева Әсемкүл, жастар ұйымы жетекшісі Төлегенов Қуатбай.

Бұл ұйымдар ауылдық округі әкімі аппараты ұжымымен бірлесе отырып, жұмыс жасап ауыл халқының әл ауқатын көтеруге және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарып келеді. Ауыл ақсақалдары: Баймұратов Қошқар, Бақытов Матығұл, Аязбаев Жаппасбай, Кәрібаев Жұбандық, Ләпенов Сахи, Жылгелдиев Бақыт.

Батыр аналар; Құтжанова Несіп, Әбдірова Зейнегүл, Шакирова ГүлжаҺан, Қартабаева Қуандық, Байтөреева Айсұлу, Исап Күнқияш кейінгі ұрпаққа өздерінің басынан өткен тарихты айта отырып, кейінгі ұрпақтың ауызбірлікте болуына елі үшін еңбек етулеріне, отанды қорғауларына, саналы азамат болып өсулеріне ақыл кеңестерін береді.

Аты аталған қоғамдық ұйымдармен қатар, 1999 жылғы «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтынушылар кооперациясы туралы» №450 Заңына  сәйкес 2005 жылы «Қарлаң» селолық тұтынушылар кооперативі құрылды. Төрағасы болып құрылтайшылар жиналысында Қани Шынтас сайланды.

2006 жылдан Сәден Әбдірше басқарып келеді. Бұл кооператив ауылдық округтің көркейту-көгалдандыруын, санитарлық тазалығын, қоршаған ортаның қорғалуын, азаматтар денсаулығын қорғау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізіп келеді.

Дін мен халық

«Рамберді ишан мешіті» Жолшара руының Өтеміс аталығынан шыққан Қосымбет ақсақал жиырма бірінші ғасырдың басында Қарақалпақстан еліндегі ағайындарға барады. Сол елде ол ойнап жүрген балалардың ішінен оқыған зерек бір баланы көріп, кімнің баласы екенін ауылдағылардан сұраса, ол өз ағайыны Тоғай ақасақалдың баласы екендігін біледі. Қосымбет елге оқыған сауатты адамның керек екендігін айтып Тоғайдан баласын сұрап алады. Баланың аты Тоғанас. Ислам дінінен өте сауатты.Тоғанасты елге әкеліп, осы Бірлік ауылынан мешіт салуға халықты ұйымдастырады. Күйі бар адамдарға 2000 кесектен, күйі нашарлауына 1000 кесектен кірпіш басуға тапсырма беріп, ауыл орталығынан мешіт салдырады. Тоғанастан үш бала тарайды. Керімберді Суханберді және рамберді. Үш баласы да Самарханд медресесінен білім алады. Тоғанастан кейін ауыл мешітін ұстаған рамбердінің үш баласы болды. Әріп ақын, Шәріп және Әбжәлал ишан.

Рамберді заманында Жетес би мен жолдас болған. Жетес биге софылықты берген осы Рамберді ишан екен. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін дініміз қайта оралды. Ауыл ақсақалдары Елемесов Темірбай, қалжанов Әлжан Баймұратов Қошқар және Бердібаев Төлепбергеннің сол кездегі басшылар Мұратбаев Чкалин мен Мәлиев Есенкелдінің ұйымдастыруымн мешіт үйі 1997 жылы қалпына келтірілді. Мешіт үйінің ашылуына жер-жерден қонақтар шақырылды. Қарақалпақстан елінен Елемесова Ақкенже өзінің қызымен келіп, туған елге деген ықыласын білдіріп, арнау өлеңін оқыды. Мешітке рамберді ишанның аты берілді.

1997 жылы Тоғанастың ұрпағы Әлжан баласы Ғабит Меркедегі діни медресесін бітіріп келген бойы еді. Халық Ғабитты мешітке имам етіп сайлады. Әлжанов Ғабит қайтыс болғаннан кейін, ағасының ізін жалғастырып, Әлжанов Сәбит Әлімжанұлы мешіт имамы қызметін атқаруда. Сабақтан тыс уақыттарында ауыл балалары мешітке келіп, тіл сындырып жүр. Ораза айт намаздары мешітте оқылады. Ауыл тұрғындары ұйымдастыруымен өткізілетін тасаттық, садақалар бір ортада жиналып, осы мешіт үйінде өткізіледі.

Ауыл халқы мал бағып, егін егеді. Жаз айларында көптеп мал азығын дайындап, қыс айларында қала халқына сатады. Дария суынан балық аулайды. Қамыс, отын шауып, артылғанын сатады. 2003-2008 жылдар аралығында қажетті мамандар үшін 8 тұрғын үй пайдалануға берілді. Екі үйдің бірі техникамен қамтамасыз етілген.

Тағы да оқыңыз: