Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрі-дәрмек, сонымен қатар, жанар-жағар май бекеттеріндегі бағаның шектік деңгейінің сақталуын қарап шықты. Бұған жанар-жағар майдың ішкі нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің арасында баға алшақтығын төмендету қажет және осыған орай 12 сәуірден бастап еліміз бойынша жанар-жағар май нарығының шекті бағасы өседі деген ақпарат түрткі болды.
Ел мамандары Қазақстандағы ішкі нарықты тұрақтандыру үшін жанар-жағармай бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз, дейді. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бағасы 11 процентке көтеріледі. Ал дизель отынының бағасы 20 процентке өседі. Бұл өзгеріске қазалылық тұрғындардың басым бөлігі наразылық танытуда.
Зерделеу жұмыстары барысында бірқатар жанармай бекеттерінде баға мөлшері және қауіпсіздік техникасы сақталғандығы, ал дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағасы қалыпты екендігі анықталды.
Мұнан соң мониторингтік топтың мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын зерделеу мақсатында сауда орындарында талдау жүргізіп, кәсіп иелеріне бағаларды тұрақты ұстап тұруға және бағаны негізсіз көтермеу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, мониторинг жұмысына аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің және кәсіпкерлік бөлімінің мамандары қатысты.
