Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш Әйтеке би кентіндегі асфальтталып жатқан Асан қайғы көшесінің жұмыс барысымен танысты.
Мердігер мекеме - “Қазалы Жолшы” ЖШС төсеп жатқан асфальттың сапасы мен қалыңдығын бақылаған аудан басшысы қызметкерлердің асқан жауапкершілікпен жұмыс жасауын тапсырды.
Содан соң, аудан әкімі қазалылықтарға жеке қабылдау өткізді. Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев кезектілік тәртібімен жазылған 7 тұрғынды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Тұрғындар өтініш-тілектерін аудан әкіміне жеке-жеке жеткізіп, шешілуі қиын күрмеулі түйткілдердің оң шешiм табуына ықпал жасауды сұрады. Келушілердің дені жұмыссыздық жайын алға тартып, тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесін айтты. Сондай-ақ, жер және жеке мәселелер көтерілді. Тұрғындардың өтiнiштерiн мұқият тыңдаған Мұхтар Әуесұлы азаматтардың тарапынан айтылған түйткілдердiң заңдылығына сәйкес, оңтайлы шешiмiн табуы үшiн тиiстi жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді. Мұхтар Оразбаев сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Қазалылық шығармашыл жастардың басқосуы өтті
Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай «Кіtaр Fest» - 2023» кітап фестивалі «Жыршыл жүрек, арман кеуде» атты поэзия кешімен жалғасын тапты.
Жыр толғау кездесуінде Есет Табынбаев, Сағыныш Мұхитқызы, Елнұр Нұрқасым, жыршы Жанболат Өмірзақ, күйші Тұрар Садуақас және поэзия әлеміне енді қадам басып келе жатқан жас қаламгерлер төбе көрсетті.
“Кітапхана түні” аясында ұйымдастырылған басқосуға Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы арнайы қатысып, кеш қонақтарына жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, кітапхана ұжымының алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, осындай кештер әлі де жалғасын тапса екен деген ниетін білдірді.
Мұнан соң Қазалы аудандық кітапхананың директоры Индира Әбілқасымқызы әнші, жыршы, ақын, күйші, жалпы өнердің қаймақтары жиналған кеш оқырмандарға керемет әсер сыйлады деп барша кеш қонақтарына шығармашылық шабыт пен толағай табыс тіледі.
Табиғи өнімдер халықтың көңілінен шықты
Қазалы ауданында әркез жергілікті халықты өз табиғи өнімімен қуантып, жанды жадыратар, қалтаға қонымды жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрады. Осындай кезекті қазалылық еңбеккерлердің қоспасыз табиғы таза тауарларын ұсынған аудан орталығы - Әйтеке би кентінің 5-ші квартал аймағындағы Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің жанында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Мұнда жергілікті кәсіпкерлер барлығы 5 көлікпен 25 тонна өнім әкелді. Оның ішінде – ұн, өсімдік май, картоп, жуа, балық және өзге де қажетті азық-түліктер төмендетілген бағада сатылды. Жәрмеңкеге келушілердің қатары көп болды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, жәрмеңкеге шығарылған заттар базар бағаларымен салыстырғанда, бірнеше пайызға арзандатылып ұсынылған.
Айта кетейік, аудан орталығы - Әйтеке би кентінде болған жәрмеңке №5-ші квартал аймағында өтсе, алдағы уақытта Қазалы қаласында жалғасын табатын болады.
