Kyzylorda-news.kz. «Тазалық – табалдырықтан басталады», демекші қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. 

Сенбі күні тазалықты жанына серік еткен қазалылықтар аудан аумағын қоқыстан тазартты. Таңертеңмен іске білек сыбана кіріскен көпшілік лезде айналаны лас заттардан арылтты. 

Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. 

Соның ішінде Әйтеке би кентінің кіре беріс бас қақпасынан батыс темір жол өткеліне дейінгі аралық, батыс темір жол өткелінен «Үш тағаға» дейінгі жерлер мен «Қазақ» қорымының айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты. 

«Тазалық – табалдырықтан басталады. Әр адам өзінің үйінің аудасын, айналасын таза ұстауы тиіс. Шығарған қоқысын кез келген жерге лақтырып кетпей, арнайы қоқыс тастайтын орынға апарғаны жөн. Өзіміз тұратын өлкенің ауасы таза, жері күл-қоқыстан ада болғаны денсаулығымыз үшін маңызды. Осыны әрбіріміз түсінсек», – дейді кент тұрғыны Сара Есенжанова.

Тағы да оқыңыз: