Kyzylorda-news.kz. Еліміздегі агрокешен саласының дамып,құлашын кеңге жаюына лайықты үлесін қосуға бекем белбуғандар қатарында алдымен ауданымыздағы акционерлік қоғамын ауызға алуға болады. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жұмыс жасап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып жүрген ұжымның атағы аудан, облыстан асып, республикамыз бен алыс-жақын шетелдерге таныла бастады.
«РЗА» акционерлік қоғамының төрт аяғынан тік тұрып, биік белесті бағындыратындай деңгейге жетуіне қоғам президенті Самұрат Жұманұлы Имандосовтың сіңірген жанкешті еңбегі ерекше атап айтуға тұрарлық. Ол аталған ұжым мен оның күнделікті тіршілігімен біте қайнасып келеді. Адамдық болмысынан қайсарлылық пен жігерлілік қасиеттері аңғарылып тұратын жайсаң жан жарқын мақсаттар жолында шаршап, шалдығу дегенді білген емес.
Самұрат Жұманұлының есімі аудан халқына біраздан бері жақсы таныс. 1948 жылдың 20 маусымында Қазалы ауданының Майлыбас ауылдық Кеңесінде дүниеге келген Сәкең қазіргі таңда кіндік қаны тамған өңірдің шынайы патриотына айналған танымал тұлға, қажымас қайраткер.
Мектептен кейін оқу орнынан арнаулы диплом алысымен мамандығы бойынша инженерліктің тізгінін ұстады. Өзі есейіп, ержеткен аумақтың егін және мал шаруашылығы салаларындағы өркенді істердің белортасынан табылды. Қалаған кәсібіне байланысты тәжірибесі толысып, шарболаттай шыңдалды.
Халыққа қызмет ету жолында аянып қалмады. Ұзақ жылдар бойы 86 жылжымалы механикаландырылған колоннаны басқарып, әсем ғимараттар мен тұрғын үйлерді тұрғызды. Құлазып іске асырылмай босқа жатқан жазық далаларға су тоспаларын салып, күріш егетін егістік алқаптардың инженерлік жүйеге келтірілуіне ұйытқы болды.
Ұтымды ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетімен көзге түскен атпал азамат аудан әкімі орынтағына отырып, ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына сайланып, қалың көпшіліктің шынайы құрметіне бөленді. Аталған лауазымды қызметтерде болған кезінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналған бірқатар келелі істердің жүзеге асырылуына күш-жігерін салды.
«Елу жылда– ел жаңа» деген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік басқару жүйесі де өзгеріп, жедел жаңғыртылуға бет бұрды. Барлық салаға нарықтық реформа дендеп еніп, соны жаңалықтар бой көтерді. Кейбір мекемелер ықшамдандыруға ұшырап, енді бірі жұмысын тоқтатты. Тосын жағдай тұрғындарды біраз абдыратып, көңіл-күйлерін түсірді.
Жаңалыққа жаны құмар Сәкең осы тұста өзі басшылық жасайтын «Жер – Су» акционерлік қоғамының орнына «РЗА» акционерлік қоғамын құрды. 2000 жылдың тамыз айында іске мығым кірісіп, жұмысшы-қызметкерлерінің уақыт талабына сай болуына барлық мүмкіндіктерді жұмылдырды. Мақсатты межелер белгіленді.
Бұрын құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысып келген кәсіпорында ауыл шаруашылығы дақылдары егілумен бірге, мал бағылып, оның өнімдерін өндіру қолға алынды. Сөйтіп, Ғ.Мұратбаев, Ү.Түктібаев, Майдакөл, Бекарыстан би ауылдарында жыл сайын мал азығындық дақылдары мен күріш өсірілді. Күріш өңдеу, сүт және нан өнімдерін шығаратын зауыттар және шұжық цехы іске қосылды. Жаңа жобадағы кешенді тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Мұндағы қуатты технологиялық қондырғылар Оңтүстік Корея, Голландия, Франция, Ирландия, Германия және Италия сияқты елдерден жеткізілді.
Сондай-ақ «РЗА» АҚ ұжымы 2003-2005 жылдары «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының ІV кезеңі құрылысын жүргізуге белсене араласты. Бұдан кейін де соның жалғасы «Тазасу», «Ақбұлақ» бағдарламаларын жүзеге асыруға да қатысып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына атсалысты.
Адал еңбек–бәрін де жеңбек. Көлденең кездескен көптеген қиындықтар мен кедергілер артта қалды. Қазіргі таңда «РЗА» акционерлік қоғамының «РЗА – Агро», «РЗА – Асылтүлік», «РЗА – Сүт», «РЗА – Транс», «РЗА – Мұнай» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен күріш зауыты, мұнай өнімдері базасы, түрлі өндірістік жабдықтау бөлімдері бар. Бірнеше кәсіптің басын құраған көп салалы, табысы тасыған кәсіпорынға айналды.
Іргесі бекем акционерлік қоғамының уақыт талабына сай келетін құралдармен жабдықталған әсем әкімшілік кеңсесі бар. Оған қарсы бетте қоймалары мен күріш зауыты, асханасы мен демалыс үйі орын тепкен. Жаңа жобадағы сәулетті құрылыстар ерекше көз тартады. Ғимараттардың айналасындағы саялы ағаштар мен гүлдер жаз айында құлпыра көгеріп, айналаға айрықша әдемілік сыйлайды. Төңіректің келбетін ашып, кентіміздің көркіне көрік қосады.
«РЗА» АҚ-ның құрамындағы «РЗА – Агро» ЖШС-ның «Сыр күріші» өнімдерін республика жұртшылығымен бірге Ресей, Белоруссия, Тәжікстан, Түркменстан, Украина, Молдова мемлекеттері де тұтынады. «РЗА – Сүт» ЖШС да шығарылған азық-түліктер облысымыздың Қазалы, Арал, Қармақшы аудандары мен Қызылорда, Байқоңыр қалаларына, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының халқына жөнелтілуде.
2008 жылы Астана қаласындағы «Көрме сарайындағы» сапа жөнінде жүлде сарапқа түскен көрмеге «РЗА» АҚ-да қатысты. Сол жолы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазалы жерінен жеткізілген өнімдерді арнайы тоқталып көріп, ризашылығын білдірген. Конкурс қорытындысымен Президент әкімшілігі басшысының «Алғыс хатын» иемденді.
Мұнан кейін «Food 2009» халықаралық көрмесіне, Халықаралық өндірістік тауарлар көрмесіне қатысты. Гран-при «Высшая проба» халықаралық сапа белгісімен, Ресей агроөнеркәсіптік көрмесінде «Золотая осень» дипломымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің сапа саласындағы «Алтын сапа» және Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы «Парыз» байқаулары бойынша үздіктер қатарынан аталды. 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.
Елімізді индустрияландырудың бес жылдығына орай және 2014 жылдың қорытындысымен индустрияландыру күні қарсаңында «Ірі кәсіпкерлік субъекті» аталымы бойынша «РЗА» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.
Мың қосшыдан, бір басшы. Атағы алысқа жеткен акционерлік қоғамдағы белгіленген шаруалардың өркендеп, өрістеуі «РЗА» акционерлік қоғамының президенті, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы», «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат», Халықаралық «Звезда содружества», «Топ-менеджер года», «Бірлескен Еуропа» ордендері мен мерекелік медальдардың иегері, Қызылорда облысының және Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Жұманұлының біліктілігі мен білімділігінің арқасы.
Кәсіпкер қашанда көпшіл қалпынан айнуды білмейді. Ол ауданның қоғамдық-саяси өмірінен ешқашан шет қалмайды. Әрдайым өткізілген іс-шараларға демеушілік көмегін көрсетсе, кейде кейбір қиын түйінді мәселелердің күрмеуін шешуді де естен шығармайды.
Ердің атын – ел шығарады. Халқым деп еміренген ардақты азаматтың жүректерге шуақ құяр ізгілікті істері ел-жұртының мерейін өсіре берері сөзсіз.