Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл аудан үшін маңызды жобалардың бірі мәресіне жетіп, қазан айында төрт ауыл көгілдір отынға қосылады деп жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша былтыр Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарына газ жеткізетін сыртқы газ құбырларының құрылысы толық аяқталды. Жалпы құны 3 млрд 733,5 млн теңгені құраған бұл жоба ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтудағы маңызды кезең болды.
«Ал биыл республикалық бюджеттен бөлінген 680 млн теңге қаржы есебінен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарына тиісті қаржысы бөлінді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, қазан айында аталған төрт ауыл көгілдір отынға қосылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Қазалы ауданында халықты табиғи газбен қамту деңгейі 77,6 пайызды құрайды. Жоспарланған төрт ауыл толықтай газ желісіне қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 86,3 пайызға дейін өседі. Демек, мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасы жақсарып, экологиялық таза әрі үнемді отынға қол жеткізу мүмкіндігі артады», - деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Газдандыру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарына магистральдық газ желілерін жеткізу жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Сонымен қатар Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылында автоматтандырылған газ тарату стансасын салу жобасы әзірленді. Бұдан бөлек, Ақсуат пен Байқожа ауылдарына орамішілік газ желілерін жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Алдағы уақытта бұл жобаларды іске асыру арқылы ауданның газдандыру деңгейін одан әрі арттыру көзделіп отыр.
Қазалы ауданының басты сәулет нысандарының бірі саналатын, ғасырдан астам тарихы бар теміржол вокзалы жаңа келбетке ие болды. Күрделі жөндеуден өткен тарихи ғимарат бүгінде жолаушыларға заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін, өңірдің көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысанға айналып отыр. Жуырда қайта жаңғыртылған Қазалы теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді.
«Биылғы жылы теміржол саласында жүзеге асқан ауқымды жобалардың бірі вокзалдың күрделі жөндеуі болды. 125 жылдық тарихы бар ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстарына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан қаржы бөлінді. Жөндеу барысында вокзалдың тарихи келбеті сақтала отырып, инженерлік жүйелері толық жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Күту залдары, қызмет көрсету орындары, кіреберіс аумағы және ішкі инфрақұрылымы заман талабына сай қайта жабдықталды. Бұл жұмыстар өткен жылдың басында пайдалануға берілген тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жобаның заңды жалғасы болды. Атап айтқанда, «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен жалпы құны 1,3 млрд теңгені құраған теміржол үстінен өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Қаңтар айында ел игілігіне берілген аспалы көпір тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, теміржол маңындағы көлік және жаяу жүргіншілер қатынасын едәуір жеңілдетті. Сонымен қатар вокзал маңын абаттандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, аумақ толықтай жаңартылды. Жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, жарықтандыру жүйелері жаңғыртылды, көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде вокзал маңы тұрғындар мен жолаушылар үшін қолайлы әрі көркем қоғамдық кеңістікке айналды», - деді аудан әкімі.

Қазалы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты сақталып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданның негізгі салаларында оң өсім қалыптасып, бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Алты айдың қорытындысында өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс және тұрғын үй салаларында өсім байқалды. Сонымен қатар ауданның өз кірістері жоспардан жоғары орындалып, жергілікті бюджеттің тұрақтылығы қамтамасыз етілді.
"Инвестициялық жобалар да аудан экономикасына серпін беруде. Соның ішінде Басықара ауылындағы тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы өңірдің балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да маңызы зор. Бағдарлама аясында көптеген тұрғын өз кәсібін бастап, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілуде", - деді аудан әкімі.

Қазалы бүгінде кәсіпкерлік әлеуеті жоғары аудандардың біріне айналып отыр. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылуда. Жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің арқасында өндіріс пен қызмет көрсету салаларында жаңа жобалар іске қосылып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда.
"Қазалы ауданы дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығына бейім өңір ретінде егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық беріп келеді. Биыл диқандар дәнді, майлы, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды егіп, су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге ден қоюда. Сонымен қатар ауданның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Магистральдық коллекторлар мен каналдарды қайта жаңғырту және тазалау жұмыстары егін алқаптарын сумен тұрақты қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді басқаруға негіз қалайды. Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің қолдауының арқасында ауданда ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Біз үшін ең маңыздысы халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа талаптарға бейімдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады", – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
