Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысып, жерден несібесін теріп жүрген жандар аз емес. Соның бірі – Майдакөл ауылындағы зейнеткер Алмасбек Нәуке.
«Баптай білсең, жер жомарт. Еңбегіңе қарай өнімі де болады. Қазір көп адамға оңай жұмыс қажет. Бәрі бірден бола қалса дейді. Алайда қашанда ер еңбекпен көгереді. Маңдай тердің жемісін уақыты келіп, өнімді жегенде сезесің. Жастарды еңбекқор болуға ерте жастан баулу керек. «Еңбек ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөзді балаларымның құлағына үнемі құйып отырамын», – дейді еңбекқор жан
Ата кәсіпті қолға алған зейнеткер ауыл іргесінде орналасқан «Құлпыбай» учаскесінде 4 гектар жерге қауын-қарбыз, картоп, жуа және асқабақ дақылдарын егіп отыр.
Бүгін бақшалық басына арнайы барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ақсақалдың еңбегіне ризашылығын білдіріп, бақша өнімі мол болуына тілектестігін білдірді.
«Еңбектің наны тәтті» демекші, көктем мезгілі келгеннен бақша басына шығатын Сіздің еңбегіңіз көпке үлгі. Бейнетіңіздің зейнетін көріңіз», – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Қызу жұмыстың басына аялдаған аудан әкіміне алғысын жеткізген Алмасбек ақсақал, кәсіпті одан әрі үлкейту жоспарында бар екенін жасырмады.