Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев аудан орталығын аралап, жасыл белдеулердің қазіргі жағдайымен танысты.

Алдымен аудан басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының Әйтеке би кентінің тұсына егілген жасыл белдеуге ат басын бұрып, қазіргі жағдайын көзбен көрді.

“Жасыл белдеудің бұл бетіндегі (Қарақұм беткейінде орналасқан тұсы) ағаштардың шығымы жақсы. Қазіргі таңда мұнда егілген сыр талының 90 пайыздан астамы шығып тұр. Бізге тек қиындық тудырып тұрғаны мына тұстағы (аудан орталығы жағын көрсетіп) ағаштардың жайы болатын. Енді «Ақкиіз» каналының арнасы тазаланғаннан кейін аяқ судан мәселе туындамау керек, – деді Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің бөлім басшысы Бурабай Оразғалиев.

Сала маманын мұқият тыңдаған аудан басшысы жасыл белдеудегі жұмыстарды одан әрі жандандырып, жасыл желектің жайқалып кетуіне көп көңіл бөлуді тапсырды.

Мұнан соң Әйтеке би кентіне кіре беріс жолдың қос қапталында орналасқан жасыл белдеу маңында атқарылған жұмыстармен танысты. Мұнда да халықаралық автожолдың бойындағы жағдайға ұқсас. Жолдың бір жағына егілген көшеттердің шығымы жақсы болса, екінші бетіндегі жағдай мүлде бөлек. Оның жайын сала маманы былайша түсіндірді.

“Бұл жерге егілген талдардың дұрыс шықпауының себебі біреу ғана. Ол көшеттерді суарған судың ешқайда ағып кетпеуі. Басқалай себеп көріп тұрғаным жоқ”, – деді Бурабай Оразғалиев.

Бұл мәселені шешу үшін аудан басшысы Мұрат Ергешбаев кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа кешенді жоспар дайындауды тапсырды.

“Әйтеке би кентіндегі жасыл желектерді суару үшін кешенді жоспар дайындау қажет. Оның ішінде әрбір мәселеге аса қатты мән берілу керек. Жобаны жасағанда осы арадағы жасыл белдеудің суы ағып кететін арық қазуды да енгізуді ұмытпа”, – деді аудан әкімі.

Осы орайда Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров өзінің жоспарларымен де бөлісті. Кент әкімі аудан орталығындағы жасыл желектің санын көбейту мақсатында тағы бір жасыл белдеу ашуға жоба дайындаған. Бұл жасыл белдеу Әйтеке би кентінің «Мектепбай» учаскесі жағында орналасады. Аумағы 5,6 гектар. Жоба құны да қомақты. Оның ішінде жерді дайындау жұмыстарынан бастап талдарды күтіп ұстау шығындары да қарастырылған екен.

Аудан басшысы бұл жобаны қолдап, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсыныс беруді тапсырды.

Тағы да оқыңыз: