Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданы әкімі Алмасбек Есмаханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Ғани Мұратбаев, Абай ауылдары және Қазалы қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты.
Халықпен өткен кездесулерде аудан басшысы елімізде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы сынды мемлекеттік реформалар мен жаңа бастамалар жөнінде сөз қозғап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар аудан көлемінде бүгінге дейін аймағымызды, ауданымызды басқарған азаматтардың қолдауымен, басшылығымен инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді абаттандыру, жол жөндеу, электр желілерін жаңғырту, газдандыру, ауыз су, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды және облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың басшылығымен өңірде алда жоспарланған ауқымды жобалар жайында айтып өтті.
Ғани Мұратбаев ауылында өткен кедесуде ауыл халқы елді мекендегі Ақтан батыр және Жамбыл көшелерін асфальттау, жеке мал шаруашылығын ашуға жер телімін алу мәселесін, ал абайлықтар ауылға тиесі мал жайылымдық жерлерін белгілеу сынды мәселелерді көтерді. Аудан басшысы Ғани Мұратбаев ауылындағы көшелерді асфальттау бойынша жыл сайын ауданымыздағы әрбір елді мекендерде кезектілікке сәйкес бір-екі көшеден күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқандығын айтып, Мұратбаев ауылында да алдағы уақытта кезектілікке сәйкес елді мекенішілік көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Ал мал шаруашлығымен айналысуға ниетті азаматтарға ауданның Қарақұм беткейінен мал шарушылығы үшін арнайы жер берілетіндігін айтты. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына заңдылыққа сәйкес жұмыс жасауды тапсырды.
Кездесулер соңында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде өткен жаңа Конституцияға арналған республикалық референдумда аудан халқының көрсеткен ынтымағы мен бірлігі жайында атап өтіп, аудан халқының алдағы уақытта да елдік істерде үлкен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуге шақырды.
Қазалы қаласында өткен кездесуде тұрғындар елдегі жасалып жатқан игі жұмыстарға оң бағасын беріп, ақсақалдар батасын берді. Халықпен өткен кездесулерден кейін аудан басшысы жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды қабылдап, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
